Күні кеше Үкімет отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Семейдегі Ядролық медицина орталығына қатысты ақпаратты жайып салды. «Бұл нысан 100 пайызға аяқталды деп айтуға болады. Тек бір түйткіл бар: радиоактивті қалдықтарды жинау және сақтауға арналған құрылғылар талапқа сай емес. Қазір бұған қатысты сот аяқталып қалды. Сот біткесін аталған дүниені аяғына жеткізу керекпіз. Сол кезде нысанды қабылдап аламыз. Ол онкологиялық ауруларды емдейтін орталыққа айналады» деген министр.
Алдымен аталған нысанның нендей мақсатта салынғанын және Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін айтайық. Нысан қабырға көтермей тұра оның жобалық-сметалық құжаты жасалып жатқанда сарапшылар Семейдегі Ядролық медицина орталығы әлемдегі ең ірі деген ядролық медицина орталығы болатынын болжаған.
Мақсаты – онкологиялық және жүрек қан-тамыр ауруларынан айыға алмай жүрген жандарға жоғары сапалы медициналық көмек көрсету. Бұдан сырт Ядролық медицина орталығы өзінің жеке радиофармацевтикалық дәрі-дәрмектерін өндіретін болады. Өндірген дәріні онкопатологияны анықтау мен жүрек қан-тамыр, бүйрек және эндокринді жүйелерді емдеуге бағыттайды.
Бұдан сырт 15 төсек-орны бар радионуклидті терапия бөлімін ашу жоспарланған. Бұл арада уытты зоб және қалқанша безі ісігімен ауыратындарға көмек көрсетеді. Әзіргі күні аталған аурумен ауыратындар елде емделе алмайды, себебі бұған сай медициналық база атымен жоқ.
Сонымен, Ядролық медицина орталығы еліміздегі онкологиялық көмек көрсететін бірден-бір орынға айналмақ. Алайда бағасы 6 жарым млрд. теңгеден асып жығылған және 2013 жылы ашылуға тиіс орталық әлі күнге қолданысқа берілмепті. Неге?
Орталық соттан көз ашпай келді. Бірсыпыра қылмыстық іс қозғалып қойған. Прокурорлық және құзырлы органдар тарапынан жүргізілетін өзге де тексерулер тыйылмай тұр. Бұл Шығыс Қазақстан облысы әкімінің отырысында берілетін бұйрық. Соған қарамай іс ілгері жүрмеуде. Орталықтың құрылысы әлі салынып біткен жоқ.
Даудың басы неден басталды?
Жағдайды түсіну үшін Орталық құрылысына кімдер тартылғанын және оның қатысушылары кім екенін анықтайық. Баяғы тендер. Орталық құрылысын жүргізуді «ЕртісГЭСқұрылыс» ЖШС-сы жеңіп алған. Ал жоғары технологиялы медициналық құрылғыларды жеткізуші субмердігер ретінде «Медтехника» АҚ таңдалған.
2015 жылдың көктемінде екі компания қабақ шытысып қалады. Субмердігер «Медтехника» бұл кезде бас мердігерге тиісті медициналық құрылғыларды 100 пайыз қолына әкеп тапсырады. Бұл жоба бойынша жүзеге асады. Дәлел бар. Бас мердігердің қабылдап алғаны туралы акті де қолдарында. Судмердігер сонымен қатар сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтайтын монтаждық жұмыстарды да толық атқарады. Бұл туралы ілгеріде Денсаулық сақтау министрі айтып кетті. Оқыдыңыз.
Бұл не? Бұл радиоактивті қалдықтарды жинақтайтын және сақтайтын арнайы мамандандырылған жүйе. Ядролық медицина орталығы құрамында ядроактивті изотоптары бар қалдықтарды арнайы технологиялық жинақтаудан өткізу керек. Және де толық ыдырап кетпейінше, түсінікті тілмен айтқанда радиоактивтілігі жойылғанша сақталуы қажет.
Мәселен 131 йоды Семейдегі Ядролық медицина орталығында радиойодты терапия өткізу мақсатында қолданылады. Бұл кезең 8 күнді құрайды. Сұйық қалдықтарды жинақтау толық жүргізілуі керек. Мұның ішіне терапия жүргізілетін ем-дом бөлімдері, емделушілер қолданатын санитарлық торап, емделушілердің кірі жуылатын бөлме бәрі-бәрі кіреді. Былайша айтқанша, зиянды қалдық сыртқа шығып кетпеуі қажет.
Міне, осы сұйық радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешен «ЕртісГЭСқұрылыс» және «Медтехника» арасындағы араздыққа себеп болған. 2015 жылдың көктемінде бас мердігер «Медтехника» АҚ-ны сотқа береді. Аты мен заты жоқ талаптардан тыс, субмердігерден өзі орнатқан сұйық радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешенді толықтай демонтация жасауды және аталған кешенді екі компания арасындағы келісімшарттан мүлде сызып тастауды талап етеді. «Сұйық радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешен жобаға сай емес» дейді басмердігер.
Қызықтың көкесі осыдан кейін басталды. Соттың басталғаны енді ғана. Сұйық радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеннің жобаға сай немесе сай еместігі әлі анықталған жоқ. Шығыс Қазақстан облысының әкімінің сол кездегі орынбасары Димитрий Гариков өзінің жоғарыдағы жетекшілеріне «бар мәселе осы кешенде жатыр» деген «рапорт» береді.
Бұл ресми мәлімдеме болғасын биліктің жоғары бұтағында отырғандардың құлағына шалынады. Ең аяғы осы жылдың 27 қыркүйегінде өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі әлгі Гариковтың сөзін қайталайды.
Мәселенің мәнісі неде?
Сонымен сұйық радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешен шынымен де жобаға сай болмай шыққан ба? Сот барысында бірқатар таңғаларлық жайттардың басы ашылды.
Біріншісі: Қазақстанда ядролық медицинаға арналған сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтайтын және сақтайтын жүйеге арналған нормативтік-құқықтық база атымен жоқ екен. Қызық иә. Ядролық энергетика мен өндіріске арналған нормативтер бар. Бірақ, оларды мүлде басқа технологиялар пайданылатын ядролық медицинада қолдануға болмайды екен.
Екінші: Қазақстанда жобаға байыпты баға беретін ядролық медицина саласындағы мамандар жоқтың қасы. Осы себепті сот «Медтехниканың» сұйық радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеніне сараптама жүргізу қажет болғанда амалсыз Ядролық физика институтының мамандарының көмегіне жүгінеді. Бірақ, олар физика ғылымының мамандары, медицинадан хабарсыз. Ақыр түбінде, әлгілердің сын-пікірі кешеннің сұйық радиоактивті қалдықтарды құятын ыдысына ғана қатысты болған.
Бұл ыдыс жүйенің ең қарапайым бөлігі. Қалдықтарды ғана сақтайды, басқа ешқандай мақсатта пайдаланылмайды. Ең қызығы, әлгі мамандардың сөзіне сүйенген Алматы экономикалық сот «аталған ыдыстар талапқа сай емес» деген шешім шығарады.
Сұйық радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеннің құрылғысына баға беру үшін сот шетелден сарапшылар шақыруға мәжбүр болды. Алдымен МАГАТЭ-нің маманы келді. Ол не деді?
«Құрылғы аталған саладағы әлемдік көшбасшының бірі Комичер және Ивок фирмасында өндірілген. Халықаралық стандарттардың барлық талабына сай» дейді шетелдік маман. Айта кетелік, Комичер және Ивок фирмасы ядролық медицинаға қажетті арнайы канализация сорғышын өндіретін бірден-бір кәсіпорын.
Радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеннің құрылғысын тағы бір тексеру үшін Ресейден мамандар алдырады. Көршімізде аталған мәселемен тікелей айналысатын, ядролық медицина нысандарын жобалау мен дамыту бойынша Федералды орталық баяғыдан бері жұмыс істейді. Бұл орталықтың сарапшылары да кешенде орнатылған жүйелер барлық талапқа сай екенін айтып береді.
Есесіне, Ядролық медицина орталығында бас мердігер орнатқан басқа жүйелерден кемшілік тапты. Атап айтқанда құрамында медициналық изотоптары болуы мүмкін ауа тазалайтын арнайы желдеткіш пен радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешенге өтетін канализациялық қалдықтарды тазалайтын жүйенің жоқтығын сынға алды.
Үшіншісі және ең бастысы: Сот ашқан «жаңалықтың» бірі жобада радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеннің болмауы еді. Орталықтың жобалаушысы «СемейҚұрылысЖоба» компаниясы тек құрылыс-монтаж жұмыстарының жобасын жасаған. Неге? Радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеннің жобасын сызу үшін ядролық медицина саласын жете білу керексің. Мұндай мамандар Қазақстанда атымен жоқ.
Сондықтан да радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеннің жобасы орталықтың жобалық-сметалық құжаттамасында мүлде болмаған! Ендеше субмердігер радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеннің жүйесін жобаға сай жасамады деуге қалай ауыз барады? Және Орталықтың бітпей тұрғанын тек осымен байланыстарған қаншалықты қисынды? Бәлкім бұл арнайы желдеткіш пен канализация жүйесі қауіпсіздік талаптарына сай келмегендіктен бар кінәні аталған радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешенге аударып құтылудың амалы шығар. Кім білген...
Айтпақшы, радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеннің жобасын ақыр аяғында «Медтехника» АҚ жүзеге асырды. Бұл мақсатта құрылғыны өндірген компанияның мамандарын тартты. Мамандар жобалау жұмыстары кезінде Орталықтың барлық қағаз-құжаттарын көрді, танысты. Осылайша соттағы дау-дамай барысында радиоактивті қалдықтарды жинайтын кешеннің талапқа сай еместігі туралы айыптар негізсіз екені бірнеше мәрте дәлелденді.
Ақша қайда?
Журналистік зерттеудің барысында алдымыздан кесе көлденең шыққан ең басты сауал ақша мәселесі еді. Жобаның құны 6 млрд. теңгеге шыққанын айттық. Кейіннен «ЕртісГЭСқұрылыс» мәлім еткендей іске қосу мен жөндеу жұмыстарына қажет болғандықтан мемлекет тарапынан 500 млн. теңге тағы берілді. Сайып келгенде мемлекет бас мердігерге 6 млрд. 500 млн. теңгені санап берді.
Бұл сомаға Орталықтың медициналық құрылғыларына қажетті 4 млрд. 900 млн. теңге қоса енді. «Медтехника» АҚ аталған құрылғыларды толықтай жеткізді. Дәлел бар. Акті қолдарында. Құрылғылардың сараптамадан өткізілгені туралы құжат та бар. Алайда бас мердігер «ЕртісГЭСқұрылыс» «Медтехникаға» әзіргі күні тиісті соманың 2 млрд. 200 млн. теңгесін ғана өтеген. Бұл жалпы соманың 40 пайызы ғана.
2016 жылдың наурызында өткен сотта «Медтехника» АҚ жеңіп шықты. Сот бас мердігерге «Медтехниканың» алдындағы қарызын толық өтеуді міндеттеді. Бірақ ақша әлі түскен жоқ. Ең қызығы, ақшаның қайда екені белгісіз. Бас мердігердің шотында жоқ екен...
Полиция да, басқа да құзіретті орындар да таппай отыр. Ең сорақысы, орталықтың құрылысына қосымша қаражат бөлу мәселесі қаралып жатыр. Сонда бұған дейінгі қаражат қайда кетті? Құмға сіңді ме?
Түйткілдің түйінін қалай шешеміз?
Сонымен еліміздегі онкологиялық аурулардың барлығы мұхтаж нысанды қашан іске қосамыз? Қосымша ақша тарту, қосымша мердігер тарту мәселені шешпейді. Орталықтың тағдырын сот сарабына салу да көмектеспей жатыр. Сот өтіп жатыр, ал құрылыс тоқтап тұр.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысқа қарсы шараларды жүргізуде «қолмен басқаруға» көшу керектігін айтқан. Бұл сөзді толықтырсақ «қолмен басқарудың» нақты нәтижесін сұрау қажет.
Даудың нәтижесі – Ядролық медициналық орталық қашан қолданысқа беріледі?
Аталған сауалға жауап іздеу үшін Ядролық энергетика комитеті, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі мен мердігерлерді тарта отырып ашық диалог өткізу қажет.
Бірақ бұл үшін алдымен соттардың шешімі орындалуы керек. Ал сот не деді? Сот субмердігердің шотына ақшаны аударуды бұйырды. Сонда ғана субмердігер әрі қарайғы жұмысын жалғастыра алады. Бұдан кейін барып көзге көрініп тұрған нақты кемшіліктерді түзеген абзал, бұл арада сот дауын жалғастыру ешбір тарапқа нәтиже бермейтінін ескеру керек (тек уақыттан ұтылады, ал құрылыс тоқтап тұра береді).
Тек содан соң үлкен әлеуметтік маңызы бар нысанды қолданысқа тапсыруға болады. Ұмытпайық елімізде осы орталықтан үміт күтіп отырған сырқат жандар көп.
Амір Әлімжан, Матрица.kz
Просмотров материала: 1 437