Ел экономикасының негізгі тірегі – әлемдегі алпауыт елдердің кәсіпорындарымен иық тіресе алатын, сапалы өнім өндірудің заманауи технологияларын терең меңгерген, еңбек өнімділігі аса жоғары, бәсекеге соғұрлым қабылетті және білікті кадрлары мол отандық компаниялардағы ырғақты жұмыстың жолға қойылуына тікелей байланысты.
«Қазақмыс» – табиғи ресурстарды өндіру және өңдеумен айналысатын халықаралық жетекші топ. Ол – Қазақстандағы ең ірі және әлемдегі алдыңғы қатарлы мыс өндірушілердің бірі. Бұл орайда заманауи жаңа үрдістерді –индустриалдық-инновациялық тың жобаларды өз өндірістеріне батыл енгізіп отырған алып кәсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясында атқарлып жатқан оң жұмыстарды көпшілік қауымға жеткізуді «Экономика» газеті өзінің басты парызы санайды.
Осы мақсатта біздің арнаулы тілшіміз «Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Бақтияр Әбдірахманұлы ҚЫРЫҚПЫШЕВКЕ жолығып, алып өндіріс орнының қазіргі тыныс-тіршілігі төңірегінде келелі әңгіме қозғаған еді. Төменде осы сұхбатты газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.
"Экономика" газеті
– Бақтияр Әбдірахманұлы, өзіңізге белгілі, соңғы уақыттары «Қазақмыс» корпорациясында үлкен өзгерістер болды. Біздің естуімізше, қазір қайта ұйымдастыру жұмыстары аяқталып, жаңа жұмыс процестері басталып жатқанға ұқсайды. Осы өзгерістердің, яғни қайта ұйымдастырудың мақсаты туралы не айтуға болады?
– «Қазақмыстың» қайта құрылымдауы бірқатар жылдар бойы жүргізілінді. Бұл Топтың бір-бірінен бөлек белсенді түрде табысты дамуына жағдай жасайды, қос компанияның тиімділігі мен табыстылығын арттырады және олардың әрқайсысының дамуы үшін қосымша мүмкіндіктерді туғызады. Ағымдағы қайта ұйымдастыру әрбір кәсіпорынның әлеуетін арттыра отырып, өндіріс көлемін ұлғайтуды қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді.
Қарағанды, Жезқазған және Балқаштағы өндірістік алаңдардың ең толымды активтері «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС құрамында қалады, бұлар өз қызметтерін жекеменшік жария емес компания ретінде жалғастырады.
Қолданыстағы төрт кеніш пен үш байыту фабрикасы, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысындағы үш жоба – Бозшакөл, Ақтоғай және Көксай, сол сияқты Қырғызстандағы Бозымшақ кеніші КАZ «Minerals PLC» жариялы компаниясында қалады. Бұл активтерде қызмет ететіндердің саны – 10 000 адам.
«Қазақмыс» корпорациясы ЖШС құрамында 12 кеніш, 4 байыту фабрикасы, 2 мыс қорыту зауыты, 2 көмір разрезі және 3 қосымша электр станциялары қалады. Корпорацияда жалпы саны 40 000 адам қызмет етеді.
Қайта ұйымдастыру әрбір компанияның ерекшелігін ескере отырып жүргізілінді, оның ішінде өндірістік қызметтің географиялық жағдайы және инвестициялық қажеттілігі ескеріледі. Мұның бірден-бір түйінді шарты – екі компанияның дербес шаруашылық қызметін табысты жүргізу мүмкіндігі болып табылады. Қайта ұйымдастыру қызмет топтарын жаппай қысқартуға әкеліп соқтырмайды. Бұл процесс кәсіпорындарға тиісті міндетерінің артықшылықтарына сәйкес табысты дамуға және өз қызметкерлерінің келешегін қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.
– Жалпы корпорация бойынша ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында қол жеткен жетістіктер туралы қысқаша әңгімелеп берсеңіз. Өзіңіз айтқан үлкен өзгерістер мен қайта ұйымдастыру мәселелері сіздердің қызметтеріңізге, яғни, жылды табысты қорытындылау жолындағы жұмыстарыңызға өз әсерін тигізбей ме?
– Қайта ұйымдастыру ешқандай да өндірістік процеске кедергі келтірмейді және де оның жылдық жоспарды табысты орындауға тигізетін зияны жоқ.
Қазақмыс Тобы 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша 130 мың тонна катодты теңгерімдегі мыс өндіруді қамтамасыз етті. Жыл соңына қарай жоспарлы көрсеткіш 285-295 мың тоннаға жеткізіледі деп күтілуде.
Компания екінші жартыжылдықта өндіріс көлемін аяқталмаған өндірістегі қосымша шикізат қорын қайта өңдеудің есебінен арттыруды көздеп отыр. Есепті мерзімде кен өндіру 18,2 млн. тоннаны құрады. Кендегі мыстың орташа сақталуы 1,0 пайыз.
2014 жылдың екінші тоқсанында мыс концентратын өндіру өзінің жеке шикізатының есебінен кен өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты алғашқы тоқсанның көрсеткіші 9 пайызға өсті. Мыс концентраты өндірісін ұлғайтуды инвестициялау Балқаш мыс қорыту зауытындағы аяқталмаған жұмыстардың көлемін арттырудың есебінен болды. Осындай жолмен катодты мыс өндірісі көлемі бірінші тоқсанмен салыстырғанда екінші тоқсанда 45,8 мың тоннаны құрады.
Топта алты айдың ішінде 62 мың тонна концентраттағы мырыш өндірілді, бұл өткен жылдың алғашқы жарты жылдығындағы өндіріс көлеміне сәйкес келеді. Күміс өндіру осы мерзімде 5,2 млн. уницияны, ал, алтын өндіру 51 мың уницияны құрады.
2014 жылдың алғашқы тоқсанында Шығыс дивизионында 4,1 мың тонна катодтық теңгерімдегі мыс өндірілді. Шығыс дивизионындағы және Қырғызстандағы Бозымшақ кенішіндегі кәсіпорындар үшін жоспарланған жылдық өндіріс көлемі – 80 мың тонна болып отыр.
– Металлургтер өздерінің Қарсақбай мен Жезқазғаннан шыққандықтарын зор мақтаныш тұтады. Сіз де осы өңірдің азаматысыз. Осы аймақтың тағдыры және болашағы жөнінде өзіңіз не айтар едіңіз? Шындығын айтқанда, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары бар. Осы кешенді жоспарға сәйкес «Қазақмыс» корпорациясы қандай жұмыстарды жүргізуде?
– Жезқазған кен орындарының шикізат қоры бес онжылдықтар бойы үздіксіз пайдаланылып келеді. Сол себепті кендегі мыстың сақталу жағдайы мүлдем кеміп барады. Қорды толықтыру үшін теологиялық және тау-кен проходкалау қызметтері қосымша кен қабаттарын іздестіру жұмыстарын жүргізуде. «Қазақмыс» жыл сайын геологиялық жобаларды жүзеге асыруға елеулі көлемде қаржы бөліп отырады.
2013 жылы Қазақмыс Тобы Жезқазған аймағындағы геологиялық-барлау жұмыстарына 1 млрд. теңге инвестиция құйды. Іздестіру жұмыстары Жезқазған қойнауының орталық бөлігінде, оның ішінде Жезқазған мен Жыланды тобы кен орындарына жүргізілді. Весовая кенті ауданында 30 скважина бұрғыланып, бұл жұмыс 6 млн.тонна кен қорын ұлғайтуға мүмкіндік туғызды. 2013 жылғы жерасты бұрғылау бағдарламасы бойынша Оңтүстік Жезқазған және Шығыс Жезқазған кеніштері бойынша 15600 текше метр кен қабаттары бұрғыланды.
Геологтардың өткен жылы өріс алған өндірістік қарқындары биылғы жылы да сақталып отыр. 2012-2013 жылдары барлау жасалынған қорлар – бұлар 73/75 шахта, Батыс, Оңтүстік-Батыс, порталдары, Қарашошақтың Солтүстік-Шығыс бөлігі қазірдің өзінде толық көлемде игерілді және бұларда тау-кен жұмыстары қызу жүргізілуде.
Жүргізілген талдаулардың алдын-ала нәтижесі бойынша Жезқазған кен орнының солтүстік бөлігінде жаңа перспективалық учаскелер пайда болуда. Компания рентабельділікті көтеру мақсатында геологиялық-барлау жұмыстарын неғұрлым экономикалық жолмен жүргізуге, кеннің неғұрлым жоғары қабатына жақын тұсын іздестіруге ұмтылыстар жасауда, бұлардағы қорлар таяудағы жарты жылда немесе бір жылда игеруге тартылуы мүмкін,
Сондай-ақ, жерасты тау-кен жыныстары қабаттарындағы терең скважиналарды бұрғылау жұмыстары жалғастырылуда. Жыл аяғына дейін бұл жұмысты Шығыс және Оңтүстік кеніштерінде жүргізу жоспарланған. Бұл кеміп бара жатқан қорлардың орнын толтыруға көмектеседі және 2015 жылдың тау-кен жұмыстары үшін алдыңғы шеп жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде Итауыз кен орнында тау-кен жұмыстары жүргізілуде, Жомарт кенішінде кен өндірудің екінші кезеңінің құрылысы жоспарда тұр.
Кен қорларының өсімін қамтамасыз ету және нысандарды кезең бойынша қоныс аударту корпорацияның өнеркәсіптік аймағына жататын жердегі коммуникацияларды және кент тұрғындарын көшіру бағдарламасы аясына сай келеді. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатына Қазақмыс өз қаржысы есебінен 150 млн. доллар бөлді.
Бұдан бөлек компания мамандары корпорацияның Жезқазған кен орнының шикізат базасын толықтыру және өмірлік қызметін ұзарту мақсатында соңғы 5-6 жылдың ішінде МИСиС (Мәскеу), ХМИ (Қарағанды), ВПИИцветмет (Өскемен) ғылыми-зерттеу институттарын, сондай-ақ, «КазГидроМедь» бас зерттеу технологиясы ЖШС-ін, т.б, ғылыми-зертеу орындарының тәжірибелерін кен өндірісіне кеңінен тартып келеді.
– Дегенмен де корпорацияның әлеуметтік саласында шешілмеген проблемалардың бар ендігі байқалады, олармен де айналысу қажет емес пе? Солардың бірі – күн-түн демей жерастында кен қазатын кеншілер мен металлургтердің еңбек жағдайы қалай шешілуде? Оларды емдеу-сауықтыруды жақсарту және профилактикалық жұмыстарды жетілдіру мақсатында қандай шаралар қарастырылуда?
– Орынды сұрақ. Еңбек ұжымдары қандай жағдайда жұмыс жасаса, ондағы өндіріс адамдарының жақсы жетістіктерге жетуі де соған тығыз байланысты болмақ. Осыған орай компаниядағы тұрақты түрде жүзеге асатын бағдарламаның бірі – корпорация кәсіпорындарындағы күрделі жөндеу және әкімшілік-тұрмыстық кешендер құрылысы болып табылады.
Атап айтқанда, жұмысшы-қызметшілердің жуынатын (душ) орны мен киінетін орнын, киім ілетін шкафтарын жаңарту, желдеткіш, су, жылу құбырларын, канализация және жарықтандыру жүйелерін ауыстырып, ретке келтіру, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерді жаңа тұрғын жайлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ, өндірістік асханаларды, медициналық бекеттерді, жұмысшы жатақханаларын күрделі жөндеуден өткізу – міне, бұлардың бәрі кәсіпорынның әкімшілік-тұрмыстық кешендерінің ұдайы басты назарда болатындығын аңғартады.
Таяу арада ғана, қыркүйектің соңында «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-нің Нұрқазған өндірістік кешенінде бір мезгілде 210 адамға қызмет көрсететін тұрмыстық корпус пайдалануға берілді. Мұнда киім ілетін, шомылатын, кір жуатын және арнайы жұмыс киімдерін құрғататын орындар талапқа сай жабдықталынған.
Еңбек жағдайын жақсарту ұғымына еңбек қауіпсіздігін сақтаудың жататындығын да ұмытпаған абзал. Өндірістік жарақат алуды барынша қысқарту біздің корпорация ұжымдарының алдында тұрған басты міндеттің бірі.
Осы жылдың тоғыз айындағы өндірістік жарақат алудың талдауы, «Қазақмыс» компаниясы тобында және оның мердігерлік ұйымдарында бұл көрсеткіштің мүлдем кемігендігін көрсетті.
– Жезқазған мыс қорыту зауытының тоқтап тұрғанына біраз жылдың жүзі өткені белгілі. Бұл зауытты іске қосу мерзімі биылғы жылдың қараша айы болып белгіленген болатын. Міне, бұл уақыт та келіп жетті. Қазір өңір жұртшылығын қандай жаңалықтармен қуантып жатырсыздар?
– Қыркүйек айында «Kazakhmys Smelting» ЖШС-інің Жезқазған мыс қорыту зауытында салыстырмалы түрде жүргізілген өндірістік сынақта бұл кәсіпорын пирометаллургияның ескі технологиясы бойынша жұмысқа қосылған болатын. Бұл шығынды ықшамдау және металдар рыногындағы экономикалық жағдайды жақсарту бағдарламасын жүргізудің арқасында мүмкін болған еді. Сонымен қатар, биылғы жылы Үкімет Жезқазған аймағын пайдалы қазбалар өндіру жөніндегі салықтан босатты.
Қазіргі сәтте Жезқазған мыс қорыту зауытында бір кентермитикалық пеш іске қосылды және ескі технологиялық схема бойынша жұмыс жасау жоспарланды. Қазан айының аяғында алғашқы қара мыс берілді, ал, алғашқы катод мысын беру қараша айының үшінші онкүндігіне жоспарланып отыр. Кәсіпорынның жылдық қуаты 100 мың тонна мысты құрайтын болады.
Осы арқылы кәсіпорынның бұрынғы жұмыс орны және штаттық кестедегі жалақы төлемі сақталады.
Мыс қорыту зауытының қайтадан іске қосылуы металдар рыногындағы экономикалық жағдайдың жақсаруының және мемлекеттің тарапынан қолдау көрсетудің арқасында мүмкін болғандығын айрықша айтуға тиістіміз. Салыстырмалы түрде зауытты іске қосумен бірге, қазір мұнда жобалау және тәжірибелік-өнеркәсіптік цехта инновациялық технология бойынша гидрометаллургиялық әдіспен катодты мыс алу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
– Алда тұрған міндеттер, жаңа идеялар мен бағыттар жөнінде бірер сөз айтсаңыз, жалпы тау-кен өндірісінің болашағы қандай?
– Корпорацияның алдында тұрған маңызды міндет – өндірісті жаңғырту болып қала береді. Қазіргі уақытта бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жезқазған мыс қорыту зауытындағы жаңа технология – гидрометаллургияны игеруге мүмкіндік беретін қайта құруды (реконструкция) жүзеге асыруымыз керек. Қазір осы мақсатқа жетудің барлық алғышарттары мен жобалық негіздері жасалынды. Қара мыс концентраттарын қайта өңдеудің жаңадан үйлестірілген флантациондық гидрометаллургиялық технологиясы зауыт өндірісіне кеңінен енгізілетін болады. Басқармада осы мәселеге орай жобалау жұмыстарын шешу және тәжірибелік өнеркәсіптік учаске құру жөнінде арнайы шешім қабылданды. Корпорация қазірдің өзінде тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскені жобалау жұмысына кірісіп кетті.
Қайта құруды жүргізуге және гидрометаллургиялық схемамен жұмыс істеуге көшкен соң, атқарылатын жұмыс көлеміне байланысты нормативті санға орай жұмысшы топтың қанша адам болатындығы анықталады. Жұмысшыларға жалақы төлеу ісі бектілген штаттық кестеге сәйкес жүргізіледі.
Нұрқазған өндірістік кешенінде де үлкен жұмыстар атқарылуда. Мұнда өз құрамына жерасты кеніші мен байыту фабрикасы тартылған. Негізгі идея бұл кәсіпорындарды неғұрлым механикаландырылған және автоматтандырылған өндіріске айналдыру. Қазір бұл жұмыс жобалау және есептеу деңгейінде тұр, ал идеяны материалдық жағынан жабдықтау таяудағы жылдардың еншісіне тиеді.
Қорыта айтқанда, «Қазақмыс» корпорациясы дамудың даңғыл жолында тұр. Тау-кен өндірісінің болашағы үлкен деп сеніммен айтуға болады. Алып компания үшін ел мен жер үшін қызмет етуден және Елбасы тапсырмаларын абыроймен орындаудан артық ештеңе жоқ. Барлық күш-жігер мен жылдар бойғы бай тәжірибе осыған жұмсалады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ
Просмотров материала: 3 184