Өткен аптада жылына екінші мәрте өткізіліп отырған «Kazakhstan Fashion Week» сән апталығы болды. «Келер жылдың көктем-жаз маусымының сәнді киім үлгілері қандай болмақ?» деген сауалға жауап іздеген қалың жұртшылық апталықтың ашылуын тағатсыздана күтті. Апталықтың алғашқы күнін жылдағы дәстүрдегідей, оның тұрақты қатысушылары Алекс Чжен, Саят Досыбаев, Камила Курбани, Лария Джакамбаева, Ая Бапани, Айнұр Тұрысбек, Айдана Қожагелдина сынды отандық дизайнерлер мен грузиялық дизайнер Кети Чхиквадзе ашты.
"Ана тілі" газеті
Алғашқы болып өз топтамасын ұсыну Айнұр Тұрысбек есімді дизайнерге бұйырды. Готикалық бағытта, яғни қара түсті киімдерден құралған Айнұрдың бұл жолғы топтамасының тақырыбы бокс спортымен үндесіп тұрды. Көбінесе былғарыны пайдаланған топтама жылы қабылданды. Жұртшылық грузиялық Кэти Чхиквадзені отандық сән апталығының тұрақты қатысушысы ретінде таниды. Ол өзінің топтамасын ақ түсті денеге қонымды, жұқа жібек матадан тігілген көйлектерден дайындаған екен. Ал Камила Курбани есімді дизайнердің топтамасы бұрынғыдан өзгешелеу болды. Сүйікті шаһарымыз Алматының көріністерін топтамасына арқау еткен дизайнердің көйлектері, кеудеше мен сөмкелері Алматының көріністері бейнеленген жапсырмамен көзге түсті. Камиланың айтуынша, біз осылай қаламызды, елімізді әлемге танытуымыз керек.
Бұдан кейін көрермендер ақ пен қара түс негіз болған Алекс Чженнің конструктивизм бағытындағы киімдерін тамашалады. Дизайнердің айтуынша, оның киімдері тек арнайы бір салтанатқа ғана емес, күнделікті өмірдің кез келген сәтінде киюге арналған. Мәселе, қыз-келіншектер сәнгердің дайын көйлегін киюде емес, оған өзіндік ерекшелігін көрсете білуде. Ал Артизан ательесінің топтамасы қыз-келіншектерге ғана емес, ерлерге арналған жібек матадан жасалған киімдермен ерекшеленді. Өткен сән апталығында тұсауын кескен жас дизайнер Айдана Қожагелдинаның осы жолғы топтамасы да қарапайым киіммен де сәнді болуға болады деген ұстанымда болды. Бұл ойды ақ, қара, сұр түстерден құралған ассиметриялы көйлектер мен белдемшелерден ұғындық.
Ал осы кештің жауһары деп Ая Бапани есімді дизайнердің топтамасын айтуға болады. Қазақ күйінің сүйемелдеуімен шыққан Аяның көйлектері барша жұртты елең еткізді. Жұқа киізге ұлттық оюды өрнектеп ел есінде қалған Аяның бұл жолғы топтамасында сары, күлгін, қоңыр, жасыл түсті жібектен тігіліп, ұлттық ою-өрнектермен бедерленді. Тіпті әр көйлегіне сәукелеге ұқсас, бірақ заманға лайықталған бас киімдерінің өзі жарасып-ақ тұр. Ұлттық бедерді ешуақыт есінен шығармайтын қазақ қызының бұл жолғы топтамасы жиналған қауым тарапынан жылы қабылданғанын байқадық. Аяның айтуынша, елге, Отанға деген махаббат, тіпті әр қазақ қызының киімінен көрініс табуы керек. Біз болсақ Аяның шығармашылығына тек табыс тілеп, болашақта оның биік белестерден көрінетініне сенеміз.
Алғашқы күннің сән үлгілерін Лария есімді дизайнер аяқтады. Ақ пен қара түсті негіз етіп, түстер мен реңктерді әдемі ойната білген дизайнер әр ұсынған киімінде қызыл түсті бас киімімен өзгешеленіп тұрды.
Апталықтың екінші күнін Ерлан Жолдасбек есімді дизайнер ашты. Гүлді оюлармен бедерленген ашық түстерден құралған оның топтамасы көктемнің жайма-шуақ күндерін көз алдымызға әкелді. Бұдан кейін алғаш өз топтамасын ұсынған Ая Аволи есімді дизайнердің банттармен әсемденген, жағасы классикалық үлгіде тігілген ақ пен қара және көкшіл түстерден құралған топтамасын тамашаладық. Тағы бір «Athena Clothes for Brosh» атты Ольга Ким мен Анна Лигайдың топтамасының тұсауы кесілді. Классикалық үлгіде тігілсе де, ерекше бір еркіндік лебі байқалатын күртешелер мен белдемшелер күнделікті киюге де, арнайы салтанатқа да жарасатыны сөзсіз. Бұдан кейін ел назары жас дизайнер Бота Бақытжанның көйлектерінде болды. Көктемде өткен апталықта Бота ұлттық нақышты ою-өрнекті былғарыдан жасалған көйлектерге бедерлеп, жас қыздардың көңілінен шыққан еді.
Ал бұл жолы Ботаның көйлектері мен белдемшелері ақ, қара, күлгін түстермен-ақ жастардың сәнді үлгісін көрсете алды. Бұл топтамада дала еркіндігінің лебі сезілді.
Апталыққа алғаш қатысып, өз топтамасын таныстырған отандық дизайнерлер қатарында Алена Полянская да бар. Бұған дейінгі дизайнерлерге қарағанда аспан түстес көкшіл, зүбәржат тектес түстерді қолданған Аленаның топтамасы шілтерлі көйлектермен көзге түсті. Көрерменіне көктемдей жадыраған көңіл-күй сыйлаған Малика Усупованың топтамасы сары, жасыл, алқызыл түсті барқыт, атлас маталардан тұрды. Этникалық стильді заманауи бағытта көрсете білген Дамиля Жұмабектің пальтолары мен көйлектеріне көкшіл және қызыл түс арқау болды. Топтамадағы барлық киім біркелкі этникалық бедермен көмкерілгені жарасымды.
Ал Дарья Шафенкова есімді дизайнердің кең етек көйлектері, шілтерлі бедері бар ақ көйлектері міндетті түрде көктем-жаз маусымының сәнді үлгісіне айналатыны анық. Грузиядан келген дизайнер Саломе Аманатишвили топтамасынан сәнгердің әртүрлі мінез-құлықты көрсеткісі келгенін аңғару қиын емес. Былғарыдан жасалған қара көйлектерден кейін жұқа жібектен тігілген сұр түсті нәзік көйлектер бұған дәлел.
Сән апталығының үшінші күні белгілі дизайнер Аида Кауменованың топтамасымен ашылды. Барқыттан, атластан тігілген кең етек көйлектер және ханшайымның тәжіндей әсер қалдыратын тастардан жасалған бас киімдер көздің жауын алды. Жиналған жұртшылық тура бір Шығыс әлеміне саяхат жасағандай болды. Ұлттық нақышты әр киім үлгісіне бедерлеуді ұмытпайтын Аиданың топтамасынан отандық сән индустриясының ұлттық бағытқа бет бұрғанын байқауға болады.
Сонымен бірге Украинадан келген Анастасия Иванова ақ, көкшіл түстес жеңіл матадан тігілген көйлектерімен жиналған қыз-келіншектердің талғамын түсінгендей болды. Бұдан кейін шыққан Тамара Ламанукаева шілтерлі бедерді топтамасына арқау етсе, Эндорфин топтамасының дизайнерлері қою көк, сұр, қызыл түстерден әйелдер және ерлер топтамасын ұсынды. Грузиядан келген тұрақты қонақ Ака Наниташвилидің бұл жолғы топтамасының барлығында дерлік адамның суреті бедерленген принтпен, отшашудай әсер қалдыратын бисерлермен ерекшеленді.
Өткен апталықта тоқыма киімдерімен көпшілік қауымның назарына іліккен жас дизайнер Мадина
Нарбаеваның осы жолғы топтамасы табиғат пен адамның арасындағы көзге көрінбес нәзік байланысты үндеп тұрды. Ақ матадан тігілген көйлектер, белдемшелер мен шалбарларда дизайнердің өз қолтаңбасы іспеттес құстардың, табиғаттың бейнесі бейнеленді. Бұл топтама жастарға арналды. Ал дизайнер Татьяна Цойдың киімдері ұйқыдағы ару тақырыбына арналды. Ақшыл, қоңыр түсті көйлектердің әрқайсысында шілтерлі маска болды. Бұл дизайнердің тақырыбын одан ары айшықтап тұрды.
Ирина Ашербекованың көйлектері назарға ұсынылғанда жаз шығып, айнала құлпырғандай болды. Серік Буксиков есімді суретшінің картиналары дизайнерге ерекше әсер еткенін жасырмайды. Сондықтан оның барлық топтамасынның негізгі бедері ретінде суретшінің картиналары басылды. Апталықты грузиялық Гизи топтамасы аяқтады. Күнделікті кигенге ыңғайлы, спорттық стильге жақын болғанымен жылтырақ тастармен тігілген топтамадан дизайнердің қалыптасқан қолтаңбасын аңғардық.
Сән апталығы ойдағыдай өтті. Келген көрермендер кеш соңында сәнгерлермен сұхбаттасып, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп жатты. Бәрінен де, Ая Бапани, Аида Кауменова, Бота Бақытжан, Дамиля Жұмабек сынды дизайнерлердің топтамалары ұнады. Себебі олар киімдеріндегі ұлттық нақыш арқылы елімізді танытуды мақсат тұтқандары анық. Тіпті шет жұрттық қонақтар да қазақтың ою-өрнегіне, бүрмелі көйлектеріне тамсанатынын жасырмады. Сондықтан осындай сән апталықтарының отандық сән индустриясын дамытуға, отандық өніммен халықты жақындатуға септігі мол. Түйіндеп айтсақ, келер көктем-жаз маусымында ақ, қара, сары, қызыл түсті жібек көйлектер мен барқыттан тігілген кең етек көйлектер, әсіресе шілтерлі бедерлер сәнге айналатынын түсіндік.
Ақбота Исләмбек
Просмотров материала: 3 203