Социум

Өгей әке-шешесінен таяқ жеген жетімдер үйіне қайта оралды

Асырап алған балаларына қол көтергені үшін ерлі-зайыптылар тек айыппұл арқаламақ

Алматы облысында өгей әке-шешесінен таяқ жеген жетім балалар үйіне қайта оралды. Осы оқиғадан кейін арнайы құрылған комиссия мүшелері ұл-қыздардың пікірін ескеріп, оларды қамқоршысында қалдыруды ұйғарған. Бұл туралы  КТК арнасы хабарлайды.

Асырап алған балаларына қол көтергені үшін ерлі-зайыптылар тек айыппұл арқаламақ.

«Мен ол жерде мектептің пікірін қарадым, село округ әкімдігінің де пікірін қарадым. Психологтың да пікірін қарадым. Барлығы Зура деген келіншектің отбасы туралы жаман пікір айтқан жоқ. Маған былай айтады. Ағай біз балалар үйіне барғымыз келмейді дейді. Себебі, мамамызды жақсы көреміз дейді. Бұл мәселені біз қатаң бақылауға аламыз деп өздерін ескерттік. Балаларды ұру емес, ұрысу болса, келесі жолы комиссия отырысын жасап, балаларды аламыз деп айттық», — дейді Іле ауданы әкімінің орынбасары Серікжан Ибраев.

Комиссия мүшелері Зура Өмірзақованың бес жыл бұрын күйеуінің кесірінен екі бірдей баласынан айырылғанын да ескердік деп отыр. Сол уақытта оның күйеуі өзін және ұлы мен қызын өртеп, барлығы ажал құшқан болатын. Комиссия төрағасы психолог пен осы балалар оқитын мектеп ұжымының да пікірін назарға алған.

Айта кетейік, екі күн бұрын қамқорлығына алған төрт баласын ұрып-соққан ата-ананың әрекетін көршілері видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған еді. Олардың айтуынша, араққа сылқия тойып алатын ерлі-зайыптылар үш ұл мен бір қызға күн көрсетпей үнемі тоқпақтайды. Балағаттап қара жұмысқа да жегеді екен. Алайда балаларды асырап алған ана көршілерінің сөзін теріске шығарды. Зура Өмірзақова сұғанақтығы бар 18 жасқа толған ұлына ғана дауыс шығарып, ара-тұра шапалақпен салып жіберемін деп ағынан жарылған.

Алматы облысы өгей әке өгей ана

 

Другие новости

Back to top button