Выбор редакцииИнтервью

Несиесін жабу үшін Англияға жұмысқа барған қазақстандық ерлі-зайыпты құлпынай теріп, 15 миллионнан аса табыс тапқан

Түрлі себептермен, әсіресе қаражат тапшылығына байланысты шетел асып, жат жерде жұмыс істеп жүрген отандастарымыздың қарасы көп. Олардың бірі – Шыңғыс Оразов. Қазақстандық азамат қарызға батып, оны өтеу үшін шетелге барып жұмыс істеуге мәжбүр болған. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Шыңғыс Англияға қалай барғанын, не жұмыс істегенін және еңбегі үшін қанша айлық алғанын баяндап берді. 

Оразов Шығыс Қазақстанда жүріп банктен несие алған. Қарыздары көбейіп, оны төлей алмағандықтан ақша табудың жолын іздеген.

“Банк алдында қарыздарым көп еді. Осы мәселені қалай шешу керегін ойлап, бас қатырып ұзақ жүрдім. Кейін TikTok әлеуметтік желісінен Англияға барған қазақстандық азаматтарды көріп қалдым. Англияда жұмыс істеген адамдардан шетелде жүріп миллиондап ақша табуға болатынын естідік. Сөйтіп олардан қандай сайтқа өтініш тастау керегін сұрастырып, кейін “мен де барамын” деген шешімге келдім. 2023 жылдың қазан айында алғаш рет әйеліммен білген сайттарға өтініш тастадық. Араға 3 ай салып, қаңтар айының ортасында бізбен бірге өтініш тастаған адамдардың әңгімелесуге шақырылғанын білдік. Бізге ешқандай хат келген жоқ”, – дейді Шыңғыс.

Англияда жұмыс істеу үшін не істеу керек?

Оның айтуынша, Англияға бару үшін мына құжаттар керек:

  • Шетелге шығатын төлқұжат;
  • Медициналық анықтама;
  • Сотталмаған деген анықтама.

Осы құжаттарды жинап, жұмысқа орналыстыратын рекрутинг фирманың парақшасына өту керек екен. Онда жұмысшылар сауалнама толтырып, өз деректерін қалдырады. Шыңғыстың айтуынша, олар жұмысшыларды сұхбатқа шақырады. Егер әңгімелесу жақсы өтсе, өтініш бергендер виза жасатуға дайындалады. Алайда Шыңғысқа хат сұхбат жайлы хат келмегендіктен ол 2024 жылы 18 қаңтарда тағы бір өтініш жіберген. Араға бір апта уақыт салып хат келген. Онда ерлі-зайыптылардың әңгімелесуден өткені туралы жазылған.

“Сөйтіп біз тағы да жіберіп көрейік деп шештік. Негізі қайта-қайта өтініш тастай берсең олар сені бұғаттап тастауы мүмкін. Сондықтан бұл сіздің тәуекеліңізге байланысты. Онлайн әңгімелесуден өттік. Сұхбат барысында біздің денсаулығымызды тексерді және Англияға қандай мақсатпен бара жатқанымызды сұрады. Әңгімелесу аяқталған соң олар бірден шетелде жұмыс істей алатынымызды және дайындықты бастау керегін айтты. Екі аптадан кейін бізге виза үшін төлем жіберді. Төлем жасаған соң тағы 3 ай күттік. Сәуірде олар хабарласып, біздің қашан жұмысқа кірісетінімізді, қайда жұмыс істейтінімізді, жұмысшыларды автобус қай уақытта күтетінін, қанша уақыт шетелде болатынымыз және қандай фермаға баратынымыз белгілі болды. 18 сәуірде біз Англияға аттандық”, – дейді Шыңғыс Оразов.

Фото: Отбасылық мұрағаттан

Англияға жұмысқа бару үшін қанша ақша керек?

⁠Қазақстандық азаматтың қолында шетелге шығатын құжат болғандықтан, басқа құжаттарды Egov.kz парқшасынан тегін алған. Айтуынша, Англияға жұмысқа бару үшін бір адамға шамамен 700 мың теңге шамасында қаражат керек.

“Визаның бағасы 233 мың теңгеге шықты. Барып-келу үшін билеттің бағасы шамамен 350-400 мың теңге болды. Қолыңызда ұсақ-түйек шығынға 100 мың теңге алып алғаныңыз жөн. Бір адамға шамамен 730 мың теңге қаражат керек. Біз барғанда жұмысқа ешқандай таңдау берілген жоқ. Тек қандай жұмыс болатынын және оның қай жерде орналасқанын түсіндіріп берді. Келген соң жұмысқа үйреніп кетуге бір апта уақыт берілді. Бастапқыда жұмысшыларға құлпынай жапырақтарын жұлдыртты. Бұл – сондағы ең жеңіл жұмыс. Кейін арық қаздым. Бұл шамамен бір ай уақыт алды. Содан соң құлпынайды жинап, іріктедік. Негізі еш қиындығы жоқ, ең бастысы шыдам қажет”, – дейді кейіпкеріміз.

“6 айда 8 миллион таптым”

Шыңғыс жұмыстан қиналмағанын бірақ, жұбайымен бірге жырақта жүріп балаларын қатты сағынғанын айтады.

Ондағылар істеген еңбегіміз үшін айлықты апта сайын беріп тұрды. Аптасына ең көбі 350 мың теңге, ең азы 150 мың теңге таптық. Шығындарымыз да болды. Жатын орынға теңгемен шаққанда аптасына 41 мың теңге төлесек, тамаққа апта сайын 25 мың кетті. Алайда басқа шығын болмады. Маусым аяқталған соң жұмысшыларға Payslip (жұмыс берушінің қызметкерге беретін және оның белгілі бір еңбекақы төлеу кезеңіндегі табысын көрсететін құжат) беріледі. Онда жұмысшының 6 ай бойы істеген еңбегінің жалпы және ұсталған салық сомасы көрсетіледі. 6 айда 12,178 фунт стерлинг табыс тапқанмын. Теңгеге шаққанда 8 миллион теңгедей ақша. Жатын орын мен тамақты есептемегенде қолымызға 5-6 миллион тиді. 6 айда ұсталған салық көлемі шамамен 615 мың теңгеден астам. Ұсталған салықтың ақшасы жұмыс аяқталған соң 3-4 айдан кейін қайтарылады”, – дейді кейіпкеріміз.

Ал келіншегі тек құлпынай жинаумен айналысқан. Шыңғыс әйелінің жалақысы өзінікінен 200 фунтқа кем болды дейді.

“Екеуіміз бір жерде, бірақ бөлек топта жұмыс істедік. Ол келгеннен құлпынай жинады. 6 айда 11,984 фунт стерлинг (8 миллион теңгеге жуық) табыс тапты”, – дейді отағасы.

Фото: Отбасылық мұрағаттан

“Депортациядан кейін шетелде жұмыс істей алмайды”

Шыңғыс жұмыс маусымы аяқталған соң да елге қайтпайтын адамдардың барын айтады. Оның сөзінше, жұмысшалрдың мұндай әрекеті болашақта оны шетелде жұмыс істеу мүмкіндігінен айырады.

“6 айдан кейін де қалып жұмыс істейтіндер болады. Бірақ бұл заңсыз болып саналады. Сондай-ақ ол жұмысшыны алдағы уақытта шетелдік фермалар шақырмайды. Жұмысшы шетелде заңсыз қалып қойды делік. Уақыт өте келе шаршап, үйіне қайтқысы келеді. Басқалардан қалып қойғандықтан ол кезде Қазақстанға тек депортация арқылы қайта алады. Одан басқа жолы жоқ. Депортациядан кейін ол шетелде жұмыс істей алмайды. Сондықтан бұл әркімнің өз таңдауы”, – дейді отандасымыз.

“Баспанаға ақша жинаймыз”

Қазақстандық банкке қарызданып қалған Шыңғыс Англияда тапқан табысымен берешегін түгел қайтарған.

“Мақсатымды толық орындадым, жинаған қаражытыммен банк алдындағы қарыздарымды жаптым. Шетелге әйеліммен бірге кеткендіктен үйде баламыз қалды. Ұлымызды қатты сағындық. Оның үстіне бізге Англияда 6 айдаң астам уақытқа қалуға болмайды. Келісімшарт бойынша үйімізге қайту керек болдық. Жақында Англиядан тағы да жұмысқа шақырту келді. Былтыр біз жұмыс істеген ферма шақыртып жатыр екен. Бұйырса, визаның ақшасын төлеп, сәуір айында тағы да Англияға аттансақ деп отырмыз. Қарыздарымызды жаптық, енді өз баспанамызға ақша жинасақ дейміз”, – деп алдағы жоспарын бөлісті Шыңғыс.

Шыңғыс Англияға барып жұмыс істеуді жоспарлап жүрген қазақстандықтарға тіл үйренуге кеңес берді.

“⁠Шетелге шығып түсінген дүнием: тіл меңгеру қажет екен. Жұмыстан тыс, бос кезде, серуендегенде тіл білмеген қиын екен. Одан басқа қиындықтар болмады.

 

Другие новости

Back to top button