Восточно-Казахстанская область

«Көзін құртамын не сатамын»: ШҚО-да ауыл тұрғындары жайылым жер жетіспейтіндігіне наразы

Риддер қалалық әкімшілігіне қарасты екі ауылда қалыптасқан мәселе құзырлы мекемелердің араласуын қажет етеді. Амалы қалмаған кей тұрғындар жайылымның жоқтығынан бағып отырған малын сатып жатыр. Stan.kzтілшісі тұрғындар мәселесімен жақынырақ танысқан еді.

 

«Мал ұстаудың жөні жоқ сияқты»

Бутаково және Коноваловка ауылдарындағы түйткілге көп шенді көз жұма қарап отырған көрінеді. Жергілікті жұрт бұған дейін ауыл шетінде көп-көрім жайылым жер бар болғанын алға тартты. Алайда биыл бидай егіп тастапты. Кімнің малы егінге түссе қой-шайға қарамай, айыппұл арқалатып жатқандарын айтты.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Коноваловка ауылының өзінде ғана 250 бас ұсақ мал, 400-ден астам ірі қара және 500-ден артық жылқы бар. Осы ауылдың тұрғыны Александр Федоровтың айтуынша, әкімдік өкілдеріне аталған жағдайды тізбелеп берген.

«Біз айтқан соң біраз уақыт жер жыртылмай тұрды. Солай болғанның өзінде тұрғындар үндемей тұрмас еді. Тау етегіне қар түскенше мал далада. Былай күндері кезек-кезек мал жаямыз. Бірақ күн суытқанда бәрі осында келеді. Оның өзінде, мал иесі бәрін қарап, уақ-уақ иіріп қояды. Содан бір адам пайда болып, абыр-сабыр болдық та қалдық. Қит етсе учаскелік полицейді шақырып, айыппұл салдырады. Берісі 34 мың теңгемен шектелсе, арысы 100 мың теңгеге дейін арқалады», – деді ол.

Stan.kz

Қысқасы, ауыл жұрты жайылымсыз қалды. Жер жыртылып, айнала тарылды. Коноваловканың кей тұрғыны амалсыздан, малын сатуға бекінді.

«Әрі қарай мал ұстаудың жөні жоқ деймін. Көзін құртамын немесе сатамын. Шын айтсақ, қазір жерді жыртқан қожалық иесімен біртіндеп күрес жүріп жатыр. Әр қадамын аңди алмаймыз, мал болған соң егінге бас сұқпай қоймайды. Айқай-шу да осыдан тұтанады. Ауылдың дәл жанына бидай егіпті, демек жер алқабын қоршап қоюы тиіс. Мүмкіндік болса, күзетші жалдағаны жөн ғой», – деді риддеріктер.

Бутаково жұрты да мал бағып, күнделікті сүт-майын айырып отыр. Олардың сөзінше, ірі қараға талғажау етер шөп аз болғандықтан, ауыздары аққа әрең тиіп отыр. Көп адам малдың біраз бөлігін үйлерінде ұстайды.
«Аспандағы айды сұрап отырған жоқпыз. Елдімекен маңынан 1-2 шақырым жерден жайылым берсе дейміз. Малды одан басқа қайда апарамыз? Қалған-құтқан жерде тас, асфальт жатыр. Ірі қараның жартысын сатып та жібердік. Жерді ауылға таятып тұрып жыртты, олай етуге болмайды. Одан бөлек, шаруа қожалығы заңнан аттап, 15-20 гектар учаскені артық жыртты», – деді өзін Павел деп таныстырған тұрғын.

Тұрғындар тексеріс жүргізуді талап етеді

Жалпы, Бутаково, Поперечное ауылдары Риддерден 30 шақырымдай жерде орналасқан. Айталық, Бердібек Нығметолла Алматыдан осы Бутаковоға жұмыс күші мол аймаққа қоныс аудару бағдарламасы бойынша келген. Дегенмен жайылым жоқ болғандықтан мал шаруашылығымен айналыса алмай әлек.

«Осы жерді бас-аяғы екі-үш адам иелігінде ұстап отыр. Кейбірінің малы жоқ болса да, шабындығы бар. Шөп шауып, сатып пайда табады», – деді Бутаково жұрты.

Көптің ойынша, әкімдіктің әрекетсіздігінен жағдай осылай ушықты. Дегенмен мұндай мәлімдемеге Коноваловка ауылындағы ірі шаруа қожалық иелерінің бірі Василий Бердюгин келіспейтін айтты.

«Өз бетімен мал жаюға арналған учаскелер бар. Адамдар соны пайдаланбай отыр. Табынды мүлде пайдаланбайды, оларға егістік жеріне мал баққан ыңғайлы. Барлық жердің пайдалану мақсаты бар. Егер бұған қатысты түсініксіз тұсы болса, әкімдікке барып жер бөліміне жүгіне алады. Тиісті мамандар бәрін түсіндіріп береді», – деді ол.

Риддер қалалық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөліміндегілер мәліметінше, Коноваловка ауылы бойынша 224,5 гектар жайылымға қажеттілік бар.

«Биыл қыркүйек айының 26-нан бастап жер қатынастары бөлімі өкілдерінің ауылдарға жұмыс сапары басталды. Бутаково, Поперечное және Коноваловка ауылдарындағы мәселе мал табынының жоқтығынан қалыптасқан. Аталған жайттан хабардармыз. Тұрғындар үшін бірнеше ұсынымыз бар. Олармен жолыққан кезде барлығын жік-жігімен айтып береміз», – деді бөлім басшысының міндетін атқарушы Данна Ешекенова.

Тұрғындар болса жер бөлу кезінде бармақ бастылық бар ма деген күдікпен мониторинг жүргізуді талап етеді.

Другие новости

Back to top button