Социум

«Көп балалы аналар арқылы хайп қуалауды қою керек»: Белсенді әр балаға 70 мың теңге төлеуді ұсынған депутатқа қарсылығын білдірді

Алматы қалалық әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша комиссияның төрағасы, Алатау аудандық кәмелетке толмаған ісі бойынша комиссия мүшесі Ақмарал Басирова әр балаға 70 мың теңге төлеу туралы ұсыныс білдірген депутатқа қарсылығын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Ақмарал Басирова желідегі парақшасына жазба жариялап, депутат Гаухар Танашеваның ұсынысы орынсыз екенін мәлімдеді.

«Мемлекеттің әр балаға 70 мың теңгеден төлемейтінін біле тұра мәжіліс депутаты Танашева Г. өзінің атын шығарғысы келді. Осы көлемде өтемақы төлеу туралы ұсынысын Мәжілісте айтқан. Көп балалы аналар арқылы хайп қуалауды қою керек шығар! Қазір ел бойынша қол жинап жатқан аналардың чаты көбейді. Осының барлығы сізге жеткіліксіз болып отыр ма, депутат ханым?» – деп жазды ол.

Ақмарал Басированың айтуынша, қоғамда жәрдемақы үшін ажырасып, ойран болған отбасылар көбейген. Сондықтан тек қоғамның қолдауына арқа сүйейтіндердің саны артқан дейді.

«Жалғыз басты аналардың саны артты. Мыңдаған адам жәрдемақы үшін жалған құжат жасайды. Әр түрлі жәрдемақыға үміт артып, шексіз несиелер рәсімдейді. Сосын есепшоттары бұғатталады. Осындай отбасыда тәрбие алып жатқан балаларды аямайсыз ба? Әлде елде басқа мәселе қалмады ма? Ерекше қажеттілікпен туылатын балалардың саны соңғы уақытта көбейіп кеткені ше? Неліктен денсаулық сақтау мәселесін, жұмыссыздық проблемасын көтермейсіз? Неліктен тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламаларды жеңілдетпеске?! Миллиондап қарыз болған әкелерден алиментті өндіріп алу керек шығар? Интернеттегі алаяқтық мәселе емес пе? Жүздеген адамның өліміне себепкер болған ойынқұмарлық ше? Химиялық есірткі, балалардың суициді, ерте жүктілік пен аборт, көшеде жүрген балалардың мәселесі қайда қалды? Мәселе қте көп. Енді доғаратын уақыт келді. Басқа тақырыпқа ауысыңдар», – деп ашуын білдірді белсенді.

Еске салайық, депутат Гаухар Танашева премьер-министрдің экс-орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған сауалында әр балаға 70 мың теңге көлемінде өтемақы тағайындап, атаулы әлеуметтік көмекті алмастыруды ұсынған еді.

Депутаттардың есебі бойынша, бұл жағдайда төрт балаға берілетін жәрдемақы 280 мың теңгені ал екі балаға шаққанда 140 мың теңгені құрайды. Ал бүгінгі күні төрт балаға төленетін жәрдемақы 55 340 теңгені немесе әр балаға айына 13 826 теңгені беріледі.

Другие новости

Back to top button