Социум

«Жұмысымыз – қауіпті, құрылғы – тозған, жалақы – мардымсыз»: Белгілі айтыскер қарағандылық құрылысшының жан-айқайын жеткізді

Белгілі айтыс ақыны, “Алтын домбыраның” бірнеше дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов Қарағанды оқиғасына қатысты пікір білдіріп, кеншілердің жан-айқайын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Бұл оқиға айтыскердің Жезқазған қаласына барған сапарында болған. Ақын бұл туралы Instagram парақшасының “сторис” бөлімінде жазды. Желіде ақынның өнердегі әріптестері бөлісіп жатыр. Біз жазбаның мұртын бұзбай, қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

“Өткенде Жезқазған қаласында айтысқа барғанда маған бір жігіт келді. Шахтада құтқарушы екен. Аты-жөні мен нақты қызметін жазбай-ақ қояйын. Біраз уақыт сөйлестік. “Аға, жұмысымыз барынша қауіпті, құрылғыларымыз тозған, айлығымыз өте мардымсыз. Мықты жігіттердің көбі басқа салаға алмасып кетіп жатыр. Алла сақтасын, мына шахталардың бірінде төтенше жағдай бола қалса, жанын салып құтқаратын құтқарушылардың техникалық та, әлеуметтік те хәлі мүшкіл. Сіздер жеткізіп айта аласыздар ғой, осы мәселені көтеріңізші. Жаздағы Семей өртінде де құтқарушылардың жағдайы белгілі болды. Бізде де сондай жағдай болып жатса, қайтпекпіз?!. Оқыс оқиғаны күтіп отырмай қолға алып, жоғары жақтағылар назарға алса екен”деді. Бір адамның сөзі толық жағдайдан хабар бермейтін шығар, бірақ бүгінгі Қарағандыда сұқбат беріп тұрған құтқарушының дәрменсіз күрсініске толы кейіпте сөйлеп тұрғанын көріп, сол жігіт есімнен шықпай қойды. Құдай ақырын берсін”, – дейді айтыскер ақын.

Еске салсақ, елімізде болған апатты оқиға туралы біраз өнер адамдары пікір білдіріп жатыр. Актриса Жұлдыз Әбдікәрімованыңпікірі қызу талқыланып жатқанын жазған болатынбыз.

Другие новости

Back to top button