Дежурный по стране

«Ірі-ірі мегаполиске келіп алып, шиттей бала-шағасын аштан қатыру қылмыс емес пе?»

Есен Елеукен - тележүргізуші

Елдің бәріне күйе жағуға болмайды, бірақ жекеге көмек сұрап келетін толассыз хаттарға қарап күйінемін. «Балаларым аш», «Күйеуім де, мен де жұмыссыз», «Көмек керек» деген хабарламадан сүрінесің.

Мен не істей аламын, асып-төгіліп жатқаным шамалы. Қолымнан келгеніне ептеп қол ұшын созып қоятыным бар. Бірақ одан асырып не істейсің?!

Алайда осы хаттардың иесіне де өкпем қара қазандай. Бәрі демеймін, көбі қайыр сұрауға үйреніп алғандай. Ондай масылдық қайдан енген?

Қазір 21 ғасырда жұмыссыз жату — ұят тірлік. Ірі-ірі мегаполиске келіп алып, шиттей бала-шағасын аштан қатыру қылмыс емес пе? Ақыры ауылыңнан шыққан екенсің, қазір мал бағып та, жағдайыңды түзеп алуға болады ғой десең, «Малмен мал боп жүргім келмейді» дейді. Мегаполисте әргімнен жеку естіп, бала-шағасына тамақ тауып бере алмай, лашықта жатқанмен шаруасы жоқ.

Мен бұл әңгімені аузымнан ақ май төгіліп, ит басына іркіт төгіліп жатқаннан айтып жатқам жоқ. Мысалы ауылдағы ағам мал бағады. Сол кісі өзіне бірнеше жылдан бері малшы іздеп жүр. Үй бар, ай сайын жалақысы бар, жыл соңында малынан тағы сыйақысы тағы бар. Бір адам емес, бір отбасының қоңын шығаруға жететін жағдай жасай алады, шүкір. Бірақ мал бағуға ешкім келмейді. Бәрі «Малмен мал болып жүргісі келмейді-міс».

Ал сол малдың артынан келе жатқан ағам көштен қалып, көңілден өшкен емес. Тіпті бүтін бір ағайын-туыстың жағдайына қарайласып отыр.

Ал «Мал болғысы келмегендер» қалада «қорада» жатыр. Өйткені ірі мегаполис қайырымдылық алаңы емес, бәсеке мен бақталастыққа толы октагон. Қай жеңгенің ұшпаққа. Білімің мен білігің жетіп тұрса мақұл, ал ауылда аутсайдер болса, мынада неңді бұлдайсың?!

Қатты айтқандық емес, ашынғаннан шығады ащы дауысым дегеннің кері ғой…

Тележүргізуші Есен Елеукеннің желідегі жазбасы

 

Другие новости

Back to top button