Социум

Иранда биыл 18 әйел дарға асылды

Сәрсенбі күні Иранда күйеуін өлтіргені үшін өлім жазасына кесіліп, он жылын түрмеде өткізген 29 жастағы Самира Сабзиан дарға асылды. Ол – биыл Иран билігі шешімімен өлім жазасына кесілген 18-ші әйел. Жаза Тегеран сыртындағы Караджада, «Гезель Хесар» түрмесінде орындалды, деп мәлімдеді Норвегияда орналасқан Иран құқық қорғау ұйымы (IHR). Kazinform бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Ирандық басылымдар бұл туралы жазбады, билік өкілдері де ресми растаған жоқ.

Самира 15 жасында тұрмысқа шығып, барған жерінде зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтын болған, дейді оның туыстары.

19 жасында ол күйеуін өлтірді деген айыппен ұсталды. Сот бірден өлім жазасын кескенімен бірқатар бюрократиялық себептерге байланысты оның орындалуы кейінге шегерілді.

Тұтқындалған сәтте оның екі баласы (біреуі — сәби) бар еді. Оларды кейінгі он жыл ішінде көруге бір рет қана, дарға аспас бұрын желтоқсанда рұқсат берді.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы мен бірқатар ел үкіметі, оның ішінде Ұлыбритания жас әйелді аман алып қалу үшін Иран билігімен келіссөз жүргізуге тырысты.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, кейінгі кездері Иранда өлім жазасына кесілгендер саны айтарлықтай артқан. Биыл қарашаның өзінде 115 адам дарға асылды.

«Самира Сабзиан – 2023 жылы дарға асылған 18-ші әйел. Бұл – сұмдық статистика», — дейді құқық қорғаушылар.

Әдетте, өлім жазасына кесілген әйелдер ата-анасының қолдауынан да айырылады. Себебі олар «отбасы абыройын» қорғауды ойлайды.

Другие новости

Back to top button