Социум

«Халық»  қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді

«Halyk» қайырымдылық қоры Алматы облысындағы 500 жанұяға азық-түлік себетін үлестірді. Қордың қолдауына  Қарасай, Жамбыл, Еңбекші қазақ, Іле,  Талғар  аудандарында тұратын әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға, сондай-ақ ерекше күтімдегі балаларды тәрбиелеп отырған жандар мен көпбалалы аналар ие болды.     

«Халық» қорының басқарушы  директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, бұл шара 2020 жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді.

«Біз өз бағдарламаларымыздың шеңберінде қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жиі азық-түлік себеттерімен қолдау көрсетеміз. Бұл бір реттік шара емес. Пандемия кезінен басталып, жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қор 2020-2021 жылдың өзінде 2,5 миллиард теңгеден астам қаржыға 100 мыңнан астам азық-түлік жиынтығын таратты. Биыл бұл акцияның аясын кеңейтуді көздеп отырмыз. Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда өсіп жатқан  500 баланы мектепте дайындауды жоспарладық. Оқушылар мектеп формасы және оқуға қажет құралдармен қамтылады»,-деді Нариман Әбілшайықов.

Қор ұжымы тұрмысы төмен отбасылардың  тізімін жергілікті атқарушы орындардан алған.  Көмекке мұқтаж отбасылардың үйіне барып, азық-түлік себеттерін табыстап шықты.

«Халық» қайырымдылық қоры тұрмысы төмен отбасыларға    азық-түлік жиынтығын кезең-кезеңімен ұсынып келеді.  Бұл қайырымдылық шарасының әлеуметтік маңызы зор. Күнделікті тұтынатын азық-түлікті ұсынып,    отбасылардың  мұқтаждығын  аз да болса да қанағаттандыру — халықтың бірлігі пен сенімін арттыруға қадам болады деп білемін. Біз тек бірігу арқылы жаңа қоғамның гүлденуіне қол жеткіземіз!»  — деді қордың Алматы облысы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Қордың қолдауына ие болғандардың бірі Қарасай ауданы Бірлік ауылының тұрғыны Венера Қошаева. Ауыл шетінде үй жалдап тұратын Венераның 5 баласы бар. Отбасының тұрақты табысы жоқ. Тұрмыстың тауқыметінен қажыған келіншек  көмек қолын созған қайырымдылық қорына айрықша ризашылығын білдірді.

«Бұл азық-түлік 3-4 айға жетеді. Макарон, қант, ұн, шай – біздің күнделікті қажеттілігіміз. Біздің қазіргі жағдайымызда азық-түлік алу  үлкен көмек. Осындай қолдау көрсеткен «Халық» қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз!» ,-деді көп балалы ана.

Қор өкілдері мұндай көмек түрі жыл соңына дейін бірнеше рет ұйымдастырылатынын айтады.  Бұл қайырымдылық акциясы  қордың жүзеге асырып отырған игі істерінің тек бір тармағы ғана.

Айта кетейік,  «Халық» қайырымдылық қоры 2016 жылы құрылған.  Еліміздің өмірінің аса маңызды салаларында: әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және білім саласында қайырымдылық жобаларын іске асырып келеді. Жалпы алғанда, 2016 жылдан бері 45 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Әсіресе, пандемия кезінде елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген сәтте «Халық қайырымдылық қоры» көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, медицина қызметкерлеріне ақшалай төлемдер және қажетті жабдықтарды медициналық мекемелерге беру арқылы коронавирустық инфекцияның салдарымен күресуге және жоюға бағытталған ауқымды жұмыс атқарды.

Другие новости

Back to top button