ЭКО кезінде дәрігер жасырын түрде әйелді өз ұрығымен ұрықтандырған
АҚШ-та акушер-гинеколог экстракорпоралды ұрықтандыру кезінде әйелді өзінің биологиялық материалымен ұрықтандырған. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.
67 жастағы Шэрон Хейс 1989 жылы Вашингтондағы Спокан қаласында тұратын дәрігер Дэвид Клэйпулдың қабылдауында болған. Ерлі-зайыпты табиғи жолмен бала сүйе алмаған соң тұңғыш баласы ЭКО арқылы дүниеге келген. Олар ЭКО арқылы екінші рет сәби сүймек болып 10 жылдан кейін дәрігер Дэвид Клэйпулдың көмегіне жүгінген.
Шэронға құрбысы Дэвид есімді дәрігерге баруға кеңес береді. Дәрігер қабылдауында өзін жайсыз сезінгенімен келіншек ем алуды жалғастыра береді. Шэрон алты ай бойы ем алып, бала көтергенге дейін бірнеше рет ЭКО жасатқан. Дәрігер Дэвидтің айтуынша, ЭКО жасау үшін ол науқастың күйеуіне ұқсас донорларды іздеген.
1990 жылы Шэронның Брианна есімді қызы дүниеге келеді. Алайда бүлдіршін кішкентайынан аурушаң еді. Төрт жасында оған лейкемия диагнозын қойса, мектепке барар шағында қыздан Эпштейна-Барр вирусы табылды. Қазір 33 жастағы Брианнаның жамбас сүйегіне бес рет ота жасалған. Нәтижесінде ол жүруді қайта үйреніп, физиотерапия курстарынан өтуге мәжбүр болды. Онымен қоймай әйелдің ұйқысы да бұзылған.
Өзінің басқа ауруларға бейімділігін білмек болып және өз туыстарын табу үшін Брианна ДНҚ сараптамасын тапсырады. Ол сараптама нәтижелерін генеалогиялық (шежіре) сайттарға жүктеп, өзінің бірнеше аға-әпкесі барын біледі. Көп ұзамай аталмыш сайттардың бірінен туыстары Дэвидті тауып алады. Ағайындылардың ДНҚ нәтижелері Дэвидтікімен сәйкес келетіні белгілі болады. Осылайша олар өз әкесінің Дэвид Клэйпул екенін анықтайды.
Брианна болған жағдайды анасына айтып берген. Шэронның айтуынша, ол өзін ғылыми тәжірибенің құрбаны сезінген. Ол бір жыл стресске түсіп, салдарынан ауруханадан бір-ақ шыққан.
“Өзімді өзім танымай қалдым. Күнім құр отырумен, жылаумен, одан қалды ұйқымен өтетін”, – дейді Шэрон Хейс.
Шэрон Хейс акушер-гинеколог Дэвид Клэйпулды алаяқтық жасады және өз жұмысына салғыртты танытты деп айыптап, сотқа берді. Сонымен қатар талап арызға сәйкес, дәрігер науқасқа өз ұрығын сатып Вашингтонның тұтынушыларды қорғау туралы заңын бұзған. Сондай-ақ Шэрон өзіне физикалық және психологиялық зақым келтіргені үшін Дэвид Клэйпулдан өтемақы талап етті.