Алматы

Бір жыл бұрын күйеуі өртеп жіберген алматылық әйел дәл қазіргі ауыр жағдайын айтты

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2022 жылы 21 желтоқсан күні алматылық Индира Тергеубаеваны азаматтық некедегі күйеуі өзі жұмыс істейтін дүкеннің ішінде өртеп жіберген еді. Аталған қызыл жалынның салдарынан әлгі ер адам сол сәтте отқа оранып, жан тапсырады. Ал келіншек аман қалғанымен, өте ауыр хәлге душар болды. Жәбірленуші әйелдің дәл қазіргі жағдайы қалай? Stan.kz тілшісі сұхбаттасты.

Атышулы оқиғадан кейін Индира Тергеубаева бірнеше мәрте ота жасатқан. Оның айтуынша, бұл іске кінәлілер әлі жазаланбаған. Тіпті құзырлы орган өкілдері қысым көрсетіп, түрлі тосқауыл қойған көрінеді.

«Тергеуші бізге қысым көрсетті. «Сіз бізге ешкімге сұхбат бермеймін деп қолхат жазып беріңіз» деді. Мен жазбайтынымды айттым. Өйткені менің оқиғамды бүкіл Қазақстан біледі. Мысалы, өрт болғаннан кейін бес күн бойы полициялар ештеңе жасаған жоқ. Әке-шешеме келген жоқ, не дүкенді жапқан жоқ. Тек БАҚ өкілдеріне хабарласқаннан кейін ғана қозғалып, мен жатқан ауруханаға келіп, мені видеоға түсіріп, арыз алып, одан кейін ғана «өлтіруге оқталды деп 99-бап қозғалды», – дейді жәбірленуші.

 

Жәбірленуші келіншек бұл іске жергілікті учаскелік полиция өкілдерін кінәлап отыр. Өйткені оның марқұм күйеуі сол алапат өрттен бір күн бұрын, яғни 2022 жылдың 20 желтоқсан күні Индира Тергеубаева жұмыс істейтін дүкенге келіп қоқан-лоққы көрсеткен. Сол сәтте бұл әйел құзырлы орган өкілдеріне өзінің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, арыз жазған. Бұл – бір! Екіншіден, дүкенді өртеген ер адам Қазақстан аумағынан қуылған Ресей азаматы, шешен ұлтының өкілі екен. Алайда ешкім шара қолданбаған.

«Кінәлілер – учаскелік полиция қызметкерлері. Өрт болардан тура бір күн бұрын арыз жаздым, екі учаскелік полиция қызметкері келді. Сол кезде күйеуімнің Ресей азаматы екенін әрі бір жарым жыл бойы депортациядағы адам екенін түсіндіріп айттым. Қолымда соттың қағазы барын да айттым. Ол Ресейге қайту керек, бес жыл Қазақстанға кіруге тыйым салынған. Ол да орындалмаған. Сондықтан көші-қон полициясындағылар да кінәлі. Олар да уақытында соттың шешімін орындамағаны үшін кінәлі деп ойлаймын. Сол кісілер де жауапқа тартылу керек. Олардың ешқайсысы да жазасын алған жоқ. Мен заңды түрде олардың жазаланауын сұрап отырмын. «Өлген адам өліп қалды, тынышталшы» дегендей айтады. Неге мен тынышталуым керек? Егер де ол кісіні уақтылы депортация жасаса, мен бұлай күймес едім», – дейді алматылық әйел.

 

Индира Тергеубаева дәл сол оқиғадан бері әлі күнге дейін өзін жәбірленуші ретінде таныта алмай жүргенін айтады. Тіпті құзырлы органдағылар бұл істі денесін күйік шалған әйелге де, оның адвокатына да еш ескертусіз жауып тастаған екен.

«Антикордың тергеушісі тездетіп қағаздарды жинап, 30 қыркүйек күні бұл істі жауып тастайды. Мен тергеушіге телефон соқсам, «Тәте, сіз маған хабарласпаңыз. Мен сіздің тергеушіңіз емеспін, істі жауып тастағанмын» дейді. Бұлар сөгіс алды дейді. Неге сөгіс алады? Бұл жұмысқа деген немқұрайлылық қой. Сараптамаға қарап та олардың бұл істі жабуға құқығы жоқ. Сараптама көші-қон полициясының өтірік қағаз жасап бергенін дәлелдеп тұр. Соның өзінде істі жауып тастаған ғой. Осы жылдың бесінші желтоқсанында біз Алматы қалалық прокурорын кірдік. Ол кісіге барлық жағдайды түсіндіріп едік, ол кісі бұл істі қайта көтеруге бұйрық берді. Дәл қазір соны күтіп отырмыз. Егер де бұл істі тағы жауып тастаса, мен Астанадағы Бас прокуротураға шағымданамын», – дейді денесін күйік шалған келіншек.

 

Дәл сол жантүршігерлік жағдайдан кейін Индира Тергеубаева тек бір жылға ғана екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың санатына кірген.

«Иә, екінші топтағы мүгедектік тек жылға ғана жарамды. Оның мерзімін ары қарай жалғастыра ма, жоқ па белгісіз. 70 000 теңге зейнатақы аламын. Қазір жұмыс істей алмаймын. Қолымның терісі әлі ауырады, тартылады. Дәрігердің айтуынша, күйіктің қайта қалыпқа келуі үш жылға дейін жалғасады екен. Соңғы отадан кейін бір құлағым естімейді, бір көзім көрмей қалды», – дейді жәбірленуші әйел.

 

Десек те Индира Тергеубаеваның жігері жаншылмаған. Ол алдағы уақытта студент қызының оқуына қажетті қаражатты табу үшін  жұмыс істеп, жалғыз қызын құтты орнына қондыруды қалайды. Сондай-ақ кейіпкеріміз өз басынан өткен адамшошырлық оқиғадан ой түйгенін айтып, қыз-жігіттерге ақыл-кеңесін берді.

«Жастарға айтарым, ешкімге сенбеңіздер. Полицияға көп үміт артқанмын ғой, ол үмітім ақталмады. Сондықтан тек өздеріңізге сеніңіздер. Содан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылықтан сақ болыңыздар. Тіпті ұрып-соқпаса да сөзбен зорлық көрсеткен адамды қасыңызда ұстамаңыз, жолатпаңыз. Басыңыз бос болсын, тек өзіңізді ғана ойлаңыз. Өзіңіз үшін өмір сүріңіз. Шын сүйген адам махаббатын дәлелдейді. Менің жолдасымда агрессияға толы махаббат болды. Ол өлуге келген адам, менің әлі уақытым келмеген сияқты. Сондықтан мен аман қалдым. Сол оқиғадан түйгенім де, айтарым да осы», – деп сөзін түйіндеді Индира Тергеубаева.Еске сала кетейік, күйеуі өртеп жіберген дәл осы алматылық әйел басынан өткен адам шошырлық оқиғаны бұған дейін де Stan.kz тілшісіне айтып берген еді. 
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Другие новости

Back to top button