ГлавноеГосорганы

Білім беру объектілерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді – Смайылов

Олардың көбі жедел басқару орталығына қосылмаған

Білім беру объектілерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді – Смайылов

Фото ашық дереккөзден

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов оқу жылының дайындығына қатысты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Оқу жылының басталуына 2 апта қалды.Оған дейін 52 жаңа мектеп ашылады деп жоспарлануда. Жаңа білім ордасын мыңдаған оқушы асыға күтіп жүр. Сонымен қатар, жаңадан салынып жатқан 15 мектеп уақытылы ашылмай қалуы мүмкін. Мұндай объектілердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет. 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары    аяқталуға жақын. Бірақ мұнда да жұмыстардың уақытында аяқталмай қалу қаупі бар. Ақмола облысының өзінде ғана шамамен 7 мектеп жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстарына    үлгермей қалуы мүмкін», — деді ол.

Смайылов атағандай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай 2 мектептен бар.

«Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Нормаға сәйкес, барлық құрылыс жұмыстары    жаңа оқу жылының басталуынан 2 апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза әрі бояу иісі жоқ сыныптарға келуі тиіс. Сонымен қатар, 54 мектеп ғимаратынан жылыту қазандықтары әлі күнге дейін шығарылмаған. Бұл жұмысты аяқтау керек. Сондай-ақ білім беру объектілерінің қауіпсіздігіне де немқұрайлы қарауға жол бермеу керек. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түбегейлі шаралар қабылдау керектігі туралы бірнеше рет тапсырма берілді. Бұл мәселені жақында Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Республикалық штаб отырысында да қарадық. Білім беру объектілерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Мектептердің 30%-дан астамы әлі күнге дейін полицияның Жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Осы ретте, жұмысты белсенді жүргізу қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушысы, яғни шамамен 1,5 млн бала тегін тамақпен қамтылады.

«Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімі мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін бір балаға кемінде 40 мың теңгеден алатын болады. Барлығы 500 мыңға жуық балаға осындай көмек көрсетіледі. Балаларды мектепке тасу үшін биыл 500-ден аса жаңа автобус сатып алынды. Жалпы, оқу жылының басталуына орай инфрақұрылымды дамытып, оқу процесіне сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс жүргізілді», — деді ол.

Другие новости

Back to top button