Астанада еңгезердей еркек 15 жастағы баланы лифтіге қамап алып, тұншықтырған (ВИДЕО)
Астананың оң жағалауындағы тұрғын үйлердің бірінде еңгезердей еркек лифт ішінде тұрған балаға тиісіп, оны балағаттап, соңында қылқындырып жіберген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосын баланың анасы әлеуметтік желіге таратып, баласы қатты шошығанын айтады.
«Бұл оқиға кеше, 28 қараша күні кешкі сағат 22:10 кезінде болды. Видеодағы адам не есірткіге мас болған, не ішімдікке мас болған, әйтеуір өте қорқынышты күйде менің 15 жастағы ұлымды әбден шошытты. Оны боқтап, лифтіден шығармай, соңында тіпті қылқындырды. Одан да сорақысы, баламның қолынан бұрап, саусақтарын сындырып жібере жаздаған», — деп жазады әйел.
Қазір оқиғаның видеосы телеграмм-арналарда жүр. Ал, баланың анасы өзінің жеке әлеуметтік парақшасында ер адамды полиция алып кеткен кезде қандай шу шығарғанын және полиция бөлімшесінде айқайға басып, балағат сөздер айтқанын жария еткен.
Редакция осы оқиға бойынша Астана қаласының полиция департаментінен жауап күтіп отыр.