Социум

«Әрқашан күлдіріп жүретін»: Болат Назарбаевтың тоқалы оның қандай болғанын айтты 

Күні кеше 71 жасына қараған шағында өмірден озған Болат Назарбаевтың қазасы әлі күнге дейін халықтың талқысында. Бұл жолы оның бұрынғы тоқалы марқұммен өткен өмірі туралы айтып, желіні тағы да шулатты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы. 

Болат Назарбаевтың жеке өмірі әрдайым жұрттың қызу талқысында. Оның бәйбішесінен бөлек, бірнеше тоқалы бары да ел арасында айтылып жүргені жасырын емес. Солардың бірі – әнші әрі актриса Динара Әлжан. Ол бұрынғы жолдасының қазасы туралы сол күні таңертең құрбысынан естіген екен. Кезінде Болат Әбішұлымен көңіл көтерген келіншек Stan.kz тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында біраз сырын ақтарып, естеліктермен бөлісті.

«Сол күні таңертең маған «иманды болсын» деп жолдас қызым жазады. Шошып кеттім. Содан кейін инстаграмды қарасам сондай жаңалықтар келіп жатыр. Оңай емес! Болат ағамыз туралы айтып кетсем, өте қарапайым, өте жақсы адам болды. Ешқашан әйел адамға қатты дауыс көтермеген. Әрқашанда күлдіртіп, позитивте жүретін. Айтқан сөзінде тұратын азамат болды. Сол үшін бұл кісіні қатты жақсы көрдім. Қарапайымдылығы үшін. Менен жасы үлкен болса да ондай адамды әлі кездестірген жоқпын. Кездестірем бе, кездестірмеймін бе…  «Жақсы адамның жақсылығын айт» демекші, ол кісімен кездесер алдында жүрегім бірдеңені сезгендей болып еді. Сөйтіп ол кісімен кезінде танысып едім. Ол кісінің маған жақсылығы көп тиді. Анам ауырған кезде көмектесті, мені ешқашан ренжітпейтін. Шыны керек, өзім осы жаңалықтан бір күн бұрын ұйықтай алмай, жүрегім ауырып, бірдеңені сезгендей болдым. Жақындарынан кешірім сұраймын. Тек қана жақсы адам болды деп айта аламын, болды», — деді Болат Назарбаевтың тоқалы.Болат Әбішұлының шығармашылыққа жаны жақын. Оның өнер жұлдыздарына деген ықыласы да ерекше еді. Мәселен, Болат Назарбаев пен Мақпал Жүнісова талай рет бірге бой көрсетіп, халықтың назарына іліккен еді. Сондай-ақ, марқұмның дүбірлі жиын тойларда ақшаны долларлап таратып, елдің талқысына түскен тағы бар.

Болат Әбішұлы кәсіпкер ретінде де жұртқа жақсы таныс. Ол 1997 жылдан бері BN Invest атты холдингін басқарып, 2016 жылы «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорын құрған. Меценат көзі тірісінде жетімдер үйіне жәрдемін беріп, жеміс-жидекпен де қамтамасыз еткен екен. Бұл туралы «Перзент» балалар үйінің басшысы Әмина қажы айтты.

«Болат Назарбаевпен кезінде біз жақсы араласқанбыз. Болат Назарбаевтың қоймасы болған. Оның бірінші азық-түлігін біз алатынбыз. Үлкен апельсиндердің бір жері сарғайып қалса, бізге келісін 50 теңгеден беретін. Қыстыгүні біз алмадан тосап жасайтынбыз. Ешқандай жеміс-жидек сатып алмайтынбыз. Бергеннің бергінін айту керек, істегенннің істегенін айту керек», — дейді Әмина қажы Әжібаева.Болат Назарбаев ел назарында жүргенімен, тілшілермен көп тілдесе бермейтін. Ол қайтыс болған күні әлеуметтік желіде марқұмның соңғы сұхбаттарының бірінен үзінді видео тарады. Әлгі бейнетаспада Болат Әбішұлы өзін тәртіпті көлік жүргізушісі екенін айтып, әрдайым заңға бағынатынын жеткізіпті.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 13 қарашасында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі – Болат Әбішұлының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Бастапқыда бұл тосын хабарды отандық БАҚ жарыса жазған еді. Сәлден соң Алматы қаласы Орталық клиникалық ауруханасы аталған ақпаратты ресми түрде растаған еді.

Болат Әбішұлы 1953 жылы 23 наурызда Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Оны халық әуелі Қазақстанның тұңғыш перзиденті – Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі деп біледі.

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

Другие новости

Back to top button