Нур-Султан

«Алуаның отбасына өмір бойы көмектесуге кепіл бере алмаймыз»: Автобус паркі тың мәлімдеме жасады

Астанадағы №1 автобус паркі жол апатынан кейін екі аяғынан айырылған сегіз жасар Алуа Бекеннің отбасына өмір бойы көмек көрсетуге кепіл бола алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Алуаның туыстары әлеуметтік желідегі парақшасында №1 автобус паркінің басшысы Мадияр Тұқпатовпен кездескенін және парк басшылығы кішкентай қыз бен оның отбасына өмір бойы материалдық көмек көрсетуге уәде еткенін жазған.

Алайда №1 автобус паркі заңда бекітілген рәсімдерсіз өмір бойы қаржылай қолдау көрсетуге кепіл бере алмаймыз деп отыр.

«№1 автобус паркі жол апатынан ауыр жарақат алған Алуа Бекеннің отбасына жан-жақты қолдау білдіреді. Біз отбасының жағдайына шын жүректен алаңдаймыз және алғашқы күннен бастап байланыстамыз. №1 автобус паркінің басшысы Мадияр Тұқпатов пен Алуаның туыстары арасындағы жеке кездесуде моральдық қолдау көрсетіліп, заң аясында көмектесуге дайын екеніміз айтылды. Алайда мемлекеттік кәсіпорын ретінде №1 Автобус паркі заңда бекітілген рәсімдерсіз өмір бойына қаржылық көмек көрсетуге уәкілетті емес екенін атап өтеміз», — делінген хабарламада.

Алдағы төлемдер мен қосымша көмек тергеу мен сот шешімінен кейін заңға сәйкес беріледі дейді парк басшылығы.

«Қазіргі уақытта отбасының заңгерлерімен және тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз құқықтық және ұйымдастырушылық жағынан қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Бұған дейін ресми түрде жарияланған көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», — деп сендірді автобус паркі.

Другие новости

Back to top button