Алматы

Алматының таулы аймақтарына заңсыз құрылыс нысандарын салу тоқтамай тұр

Биылдың өзінде заңсыз құрылыстың 1 мыңға жуық дерегі анықталған

Алматының таулы аймақтарына заңсыз құрылыс нысандарын салу тоқтамай тұр. Тек өткен жылдың өзінде Қала құрылысын бақылау басқармасы Алматының тауларында рұқсатсыз салынып жатқан 53 фактіні анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ерекше қорғалатын аймаққа өз беттерінше ғимарат салатындарды әкімдік кез келген уақытта тексере алмай отыр. Есесіне, ақшалы компания басшылары бұл мүмкіндікті еркін пайдаланып, заңсыздықтарға баруын әлі жалғастырып жатыр.

«2022 жылдан бастап басқарма Алматы қаласының таулы аймақтарында заңсыз құрылыстың 52 фактісін анықтады. Бостандық ауданында 21 нысан, Медеу ауданында 24 нысан, Наурызбай ауданында 7 нысан бар. 52 объектінің ішінен сотқа 42 талап арыз берілді. Оның ішінде 16 нысанға қатысты соттың шешімі бар. Оның 10-ын бұзуға, 6-ын нұсқаманы орындауға нұсқау берілді. Сотқа 7 талап-арыз дайындалуда, 3 нысан бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр», — деді Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев.

Басқарма басшысының мәліметінше, биылдың өзінде заңсыз құрылыс салу бойынша қалада 1 мыңға жуық дерек анықталған. Қазіргі уақытта қала аумағында 823 объектінің (бюджеттік 240, коммерциялық 583), оның ішінде 155 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс объектілерінде 383 құрылыс компаниясы, 138 техникалық қадағалау ұйымы жұмылдырылған. Бақылау функциялары шеңберінде биылғы жылдың 8 айында 740 рет жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, жалпы сомасы 187 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

«956 заңбұзушылық анықталды. Заңбұзушылықтарды жоюға 779 нұсқама берілді. Сапасыз құрылыс және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізгені үшін 312-бап бойынша 35,7 млн теңге сомасына 47 мердігер ұйым жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері соттарға заңсыз салынған объектілерді бұзу туралы 53 талап-арыз жолданды (17 қанағаттандырылды, 36 қарауда). Заңсыз салынған 19 объект бұзылды (оның ішінде 2022 жылғы шешімдер бойынша). Лицензиядан кейінгі бақылау қорытындысы бойынша 20 құрылыс компаниясының қызметі уақытша тоқтатылды, 247 лицензиясының күші жойылды», — деді басқарма басшысы.

Құрылыс нысандарын тексеру құқығынан басқарма 2016 жылы айырылған. Кәсіпкерлік кодекске енген өзгерістердің негізінде әкімдік енді заңсыз құрылыс нысандарымен дер кезінде күресе алмай отыр. Бұрын басқарма меншік иесіне хабарламай-ақ тікелей нұсқама берет алатын. Жуырда Алматы қаласының әкімі заңсыз құрылыс компанияларымен күресу мәселесін Президентке де айтқан еді.

«Сәулет-құрылыс бақылау органдары инспекциялау шеңберінде объектіге кедергісіз кіру құқығынан айырылған. Кәсіпкерлерді тексеру ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ресми өтініштер негізінде ғана жүргізілетіні белгілі. Басқарманың негізгі функциялары: заңсыз құрылысты анықтау және жолын кесу, құрылыс сапасын бақылау және құрылыс саласын лицензиялау. Бүгінгі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдары инспекциялау шеңберінде объектіге кедергісіз кіру құқығынан айырылған. Алматы қаласы әкімінің бастамасы бойынша Президенттің қолдауымен тексеру жүргізу тәртібін қайта қарау және салынып жатқан объектілерге бақылауды күшейту жөнінде түзетулер енгізіледі. Тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына жіберілді», — деді Олжас Болатұлы.

Тек жекеменшік компаниялар ғана емес, мемлекеттің қаражатына салынып жатқан бюджеттік объектілер бойынша да заңсыздықтар аз емес. Ондай 14 мердігер компания анықталып, оларға 9 миллион теңге, коммерциялық объектілер бойынша 27,6 миллион теңге сомасына 33 мердігер ұйымға айыппұл салынған.

Другие новости

Back to top button