Алматы

Алматыдағы автобус апаты: Жүргізушіні соққыға жыққан сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматының Наурызбай аудандық сотында адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына қатысты сот отырысы аяқталды. Судья сотталушы Дархан Ахметжановақа қатысты сот үкімін шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Автобус жүргізушісін соққыға жыққан сотталушы Дархан Ахметжановқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жаза тағайындалды. 351 баптың 3-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы қауіпсіздігі қағидаларын бұзу» бойынша және 293-баптың 1-бөлігі «Бұзақылық» бабы бойынша шешім шығарылды.

Сотталған адам жазасын ең төменгі режимдегі колонияда өтейтін болады. Сондай-ақ сот сотталушыны жәбірленушілерге өтемақы төлеуге міндеттеді. Сот жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің материалдық және моральдық өтемақы төлеу туралы талап арызын қанағаттандырды.

«Ахметжановқа ең ауыр жаза тағайындалды, себебі оның кінәсінен үш адам қаза тауып, зардап шеккендер бар. Сот жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің сотталушы Ахметжановқа қойған талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Осылайша, сот Құсайыноваға материалдық шығын ретінде 6 миллион 397 мың теңге, сондай-ақ Байдалиевке 10 миллион теңге төлеуге шешім қабылдады. Жүргізуші Ермек Шөкебаеваға қатысты моральдық шығын мен материалдық шығынды тек Ахметжанов өтейтін болды. Оған жәбірленуші тарапқа өз еркімен ақша төлеуге екі ай уақыт берілді. «Егер бұл орындалмаса, өндіріп алу мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады», — деп түсіндірді судья.

Сот жүргізуші Ермек Шөкебаеваны жәбірленуші деп таныды. Сот Шөкебаева мен «Думан Транс» ЖШС-не қатысты моральдық өтемақы төлеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.

Еске салайық, 2023 жыл 22 желтоқсан күні Алматыда автобус бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан 3 адам қаза тапқан еді. Полиция мәліметінше, 47-бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан жүргізуші есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Полиция автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғаған еді. Сотталушы “бұзақылық” бойынша ғана кінәсін мойындайтынын айтты.

Жоғарғы сот автобус жүргізушісін ұрып, үш адамның өліміне себепші болған ер адамға қатысты сот отырысын тікелей эфирде өткізетінін мәлімдеген.

Другие новости

Back to top button