Алматыда тұрғындарды тонап жүрген 120 адам анықталды
Қарақшылардың арасында зейнет жасындағы адамдар да болған
![](https://matritca.kz/wp-content/uploads/2023/11/6565a0f8b2db9045972707-780x470.jpg)
Алматыда қалта ұрлығымен ғана айналысып келген 120 адам анықталды. Криминалдық полиция оларды соңғы он айда анықтап, ұстаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тек «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында жедел уәкілдер 44 қалта ұрысын ұстаған. Ұрылар автобустағы жолаушылардың заттарын үптеп кетіп отырған.
Қарақшылардың арасында зейнет жасындағы адамдар да болған.
«Олардың бірі – қоғамдық көлікте ұрлық жасап жүрген 63 жастағы И. есімді азамат. Қаскөй қарбалас уақытта кезекті ұрлығын жасауға шыққан. №201 бағыттағы қоғамдық көлікте ер адам жолаушының күртесінің қалтасынан Samsung телефонын ұрлап кеткен. Алайда оны жедел уәкіл ұстап алды. Күдікті қазір қамауда. Әуезов аудандық полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасы.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.