Алматы

Алматыда құрбандық шалатын 14 орын белгіленді

Биыл Құрбан айт мейрамы 28 маусымға түсіп тұр

Құрбан айтта құрбандықты онлайн шалуға да болады. Ал құрбан шалуға ниеттенген жандар малды онлайн да таңдай алады. Алматыда құрбан шалуға арналған 14 орын белгіленді. Биыл Құрбан айт мейрамы 28 маусымға түсіп тұр және ол 30 маусымға дейін тойланады. 

Алматы қаласындағы 54 мешітте айт намазы таңғы сағат 06:00-де оқылады. Айтулы мерекенің басты ғибадаты – құрбандық шалу рәсіміне мұсылман жұртшылығы осы айт намазын оқыған соң кіріседі.

«Төрт түлік малдан тек қана қой-ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқты бір жасар қой сияқты етті болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасар болуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Ал, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адам дейін бірігіп құрбан шалу мүмкіндігіне ие», — деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.

Құрбандықты qurban2023.kz арнайы сайты арқылы онлайн форматта да шалуға болады. Онлайн құрбан шалғысы келетінде аталған сайтта құрбандыққа шалынатын малды таңдап, оған қажет қаражатты сонда көрсетілген реквизиттер бойынша аударып жібере алады.

Алматылықтар құрбан шалғысы келсе төмендегідей жерлерге бару керек.

Алатау ауданы бойынша:

  • «Мырзахмет» мешіті. «Қарасу» ы/а, Солтүстік айналым к-сі, 15 үй.
  • «Әскер ата» мешіті. Әйгерім-1 ы/а, Бенберин к-сі, 18/4.
  • «Алғабас» мешіті. Алғабас ы,а; Ақбөпе к.,6.

Әуезов ауданы бойынша:

  • «Таугүл» мешіті. Таугүл-3 ы/а, Паримбетов к-сі, 9а.

Бостандық ауданы бойынша:

  • «Бақыткелді» мешіті. Хан-Тәңірі ы/а, Дулати, 27/11.

Медеу ауданы бойынша:

  • Алматы Орталық мешіті. Пушкин к-сі, 16.
  • «Омар ибн Әл Хаттаб» мешіті. Жуков к-сі, 136 а.
  • «Аманқұл ата» мешіті. Т.Бигелдинов к-сі, 5
  • «Фатима» мешіті. Ш.Жәнібек к-сі 148.
  • «Райымбек батыр» мешіті. Думан-1 ы/а, Хан Тәңірі к-сі, 15.
  • «Арафат» мешіті. Ибрагимова к-сі, 5 а

Наурызбай ауданы бойынша:

  • «Қалқаман» мешіті. Қалқаман-2 ы/а, Аспандияров к-сі, 84.

Түрксіб ауданы бойынша:

  • «Қайрат» мешіті. Қайрат ы/а, Сарымулдаев к-сі, 22.

Жетісу ауданы бойынша:

  • «Вайнах» мешіті. Айтықов к-сі, 1а.

«Онлайн құрбандық шалу рәсімі – «Алтын Орда» базарының маңындағы Абай ауылында орналасқан «Алтын сақа» мал базарында жүргізіледі. Құрбандықтың етін қабылдау пунктері қаланың 54 мешітінде де қойылған. Арнайы мұздатқыштар орнатылып, рефрижератор тасымалдау көліктерімен қамтамасыз етілмек. Қала тұрғындары өз үйіне жақын мешіттерге барып, құрбандық еттерін өткізе алады», — деді Алматы Орталық мешіті имамының орынбасары Руслан Қайыргелді.

Алматы қаласындағы мешіттерде Құрбан айтқа қатысты мерекелік шаралар яғни, мерекелік дастархан жаю, балаларға айттық тарату, бүлдіршіндер үшін арнайы батут құру, ұлттық ойындар т.б. ұйымдастырылады.

Другие новости

Back to top button