Алматыда қала күні қалай тойланады
2-30 қыркүйек аралығында қалада 100-ден астам мәдени, спорт, ойын-сауық және экологиялық іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этномәдени фестивалі мерекелік айдың шымылдығын түріп, 2-3 қыркүйекте «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағында өтеді.
Малайзия, Башқұртстан, Дағыстаннан келген қатысушылар көшпелі халықтардың дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ойындары мен музыкасын ұсынады.
6 және 7 қыркүйекте Көктөбе саябағында «Алматы Көк-Төбе Опера» классикалық музыка фестивалі, ал 13-14 қыркүйекте Абай алаңында ашық аспан астындағы «Оркестрлер фестивалі» өтеді.
Биыл 10-30 қыркүйек аралығында Алматыда Artbat Fest өтеді: Арбат қазақстандық суретшілердің бірегей smart-нысандарын безендіреді.
Күздің алғашқы айындағы басты оқиға – Apple Fest. 16-17 қыркүйекте Тұңғыш Президент саябағы алма резиденциясына айналады.
Облыстық шаруашылықтар 127 тонна алманы сатылымға шығарады.
Қаланың барлық мерекелік орны автобус қатынасына қосылады.
Қоғамдық көлік жұмыс кестесін сағат 00.00-ге дейін өзгертеді.