Алматы

Алматыда патрульдік полицейлер 9 жасар Айша Тимурды қалай тапқанын айтып берді

Полицейлер ауысымы аяқталса да үйлеріне қайтпай, оқушыны іздеген

Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері 9 жасар Айша Тимурды қалай тапқанын айтып берді,  деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

7 желтоқсан күні кәмелетке толмаған Айша Тимурдың жоғалғаны туралы хабар Алматыны дүр сілкіндірді. Таңертеңгі сағат 07:40-та қыз бала үйден шығып кеткен, бірақ мектепке дейін жетпеген.

«Бізге сағат 09:00 шамасында 9 жасар Айшаның жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. Белгілері: қызғылт күртеше, көк қалпақ, қызыл сөмке, қара етік. Біз мекенжай бойынша бардық. Ақпарат расталды. Баланы іздестіру жұмыстарына Түксіб аудандық ПБ-ның жеке құрамы, Алматы гарнизоны мен еріктілер жұмылдырылды. Біздің ауысым сағат 16:00-де аяқталды. Бірақ күндізгі іздестіру нәтиже бермегендіктен, мен және әріптестерім қызметте қалып, баланы іздеуді жалғастырдық. Мен – үш баланың әкесімін. Қыздарымның бірі – Айшамен құрдас. Мені Айшаның тағдыры қатты алаңдатты. Бүкіл гарнизон, Алматы қаласының барлық тұрғындары қыз үшін алаңдады», – деді Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция полкінің инспекторы Алмас Құрақбаев.

Тәртіп сақшысының айтуынша, бейнебақылау жүйелерінің арқасында қыздың троллейбусқа мінгенін анықтау мүмкін болды.

«Жүргізушінің нөмірін троллейбус паркінің диспетчерінен сұрадық, оған телефон соқтық, ол Айшаның троллейбуста екендігін растады. Бұл туралы дереу ЖБО-ның кезекшісіне хабарладық. Еріктілермен бірге Байтұрсынов пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысында троллейбусты қуып жеттік. Айша ішінде болды. Мен оны көтеріп, патрульдік көлікке отырғызып, Полиция басқармасына апарып, ата-анасына тапсырдым. Құдайға шүкір, ол аман-есен табылды», – деді полиция қызметкері Құрақбаев.

Другие новости

Back to top button