Алматы

Алматыда метродағы пойыздардың жүру аралықтары 6 минутқа дейін қысқарады

2023 жылдың қыркүйегінен бастап метродағы пойыздардың жүру аралықтары 6 минутқа дейін қысқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Ерболат Досаевтың айтуынша, мегаполисте қоғамдық көліктің сапасы мен жылдамдығына қойылатын талаптар өсуде. «Өткен жылдың мамыр айында 2 жаңа станция ашылғаннан кейін жолаушылар ағыны күн сайын 35 мыңнан 90 мыңға дейін 2,6 есеге өсті. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 3 жылжымалы состав қосылады, бұл қозғалыс аралығын 6 минутқа дейін төмендетуге мүмкіндік береді», – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев. Оның айтуынша, метроның мегаполисте сұранысқа ие болуы жерасты маршруттары желісінің ұлғаюымен жолаушылар ағынының өсуін дәлелдейді. Қала басшысы 2025 жылы «Қалқаман» станциясының құрылысын аяқтау жоспарланғанын, батыс бағытта «Барлық» базарына дейін 3 жаңа станцияның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Еске салайық, бұл туралы Ерболат Досаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беру барысында айтты. Айта кетейік, Мемлекет басшысы 18 тамыз күні Алматыға іс сапармен келген болатын.

Другие новости

Back to top button