Алматы

Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған жиын өтті

М.Тынышбаев атындағы Алматы көлік және логистика университетінде (ALT University) жол қозғалысы қауіпсіздігінін талқылаған жиын өтті. Дөңгелек үстелге мемлекеттік орган өкілдері, қоғамдық ұйымдар, жол саласының, білім беру ісінің мамандары мен сарапшылар қатысты. Іс-шараға арнайы қатысқан Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бас директоры Болатбек Айтбаев жол инфрақұрылымының сапасы қауіпсіздікке әсер ететінін атап өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігіне қатысты қазіргі жағдайды талқылау, апаттылықты азайтудың тиімді жолдарын іздеу және инфрақұрылымды жақсарту мен жол қозғалысы қатысушыларының мәдениетін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу болды. Әсіресе, жол инфрақұрылымын жаңғырту, көлік ағындарын бақылау және басқару үшін инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстанда жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 15 мыңдай азамат түрлі дене жарақатын алады. Мамандар бұл үлкен әлеуметтік және экономикалық шығын дейді.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы РМК Бас директоры Болатбек Айтбаев

Қатысушылар халық арасында, әсіресе білім беру мекемелерінде, жол қозғалысына жауапты көзқарасты қалыптастыру үшін кең ауқымды ағартушылық жұмыстар жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды әзірлеумен айналысатын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Ұсынылған бастамалардың барлығы мемлекеттік жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасына енгізу үшін қаралатын болады. Қабылданған қарар Үкіметке жолданады. Сонымен қатар, сала мамандары мен сарапшылар оң өзгерістердің орын алуын байқау үшін келер жылы да бас қосамыз деп тарқасты.

 

Другие новости

Back to top button