Алматы

Алматыда екі күнде қоғамдық көліктерде 150-ге жуық құқықбұзушылық жасалған

Алматыда 11-15 қаңтар күндері «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Kazinform

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, шараның мақсаты – қоғамдық көліктегі құқық бұзушылыққа төзбеушілік және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, Көлік министрлігі көлік комитетінің аумақтық бөлімшелері мен қоғам өкілдері қатысты.

«Іс-шараның екі күнінің ішінде Алматы жолаушылар көлігінде 134 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жиі кездескені — азаматтарға тиісу және қоғамдық орындарды ластау. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, қоғамдық көліктерде алкогольдік ішімдіктерді ішу, темекі бұйымдарын пайдалану және ұсақ бұзақылық деректері кездеседі», — деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, Алматыда автобус бір топ адамды қаққан еді. Полицияның мәліметінше, №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.

Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды.

Сондай-ақ, Алматыда автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлағанбыз.

Кейін ол екі айға қамауға алынды.

Сондай-ақ, Алматы қалалық полиция департаменті автобус жүргізушісі К. есімді азаматшадан жәбірленуші ретінде жауап алынғанын мәлім еткен болатын.

Другие новости

Back to top button