Алматыда «Аңсаған сәби» мүсіні орнатылды

Алматыда «Аңсаған сәби» мүсіні ашылды. Мүсін Қазақстан халқының репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған президенттік бағдарламаның құрметіне тұрғызылды. Сондай-ақ, New Generation Clinic (NGC) заманауи халықаралық репродукция орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аңсаған сәби» ұлттық жобасын жариялаған болатын. Бұл бағдарлама бойынша бедеулікті экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭҚҰ) әдісімен емдеуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді, сол арқылы 2021 жылы елімізде 3 мың бала өмірге келді. Бұл туралы биология ғылымдарының докторы, профессор, «ЭКОМЕД» адам ұрпағын өрбіту клиникалар тобының ғылыми жетекшісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті Салтанат Байқошқарова айтты.
«Қазақстандағы әрбір алтыншы ерлі-зайыпты бедеулікке шалдыққан. Көрсеткіштері өсіп келе жатқан ресми статистикаға сәйкес елімізде 21 мыңнан астам адамға бедеулік диагнозы қойылған. Бар күш-қуатым мен қабілетімді бедеулікке қарсы күреске арнаған репродуктивті медицина саласының маманы ретінде мен үшін бұл мүсін жай ғана символ емес. Біздің мақсатымыз – репродуктивті медицина саласындағы зерттеулерді, инновацияларды қолдау мен дамытудың маңыздылығына қоғамның назарын аудару. Сонымен қатар, бедеулік мәселесіне тап болған ерлі-зайыптыларға эмоционалдық көмек пен жанашырлық таныту да маңызды», — деді ашылу салтанатында Салтанат Байқошқарова.
«Жаңа мүсін репродуктивті медицина саласындағы қажырлы еңбек пен жетістіктерді бейнелейді. Ананың алақанындағы сәбидің бейнесіндегі композиция — репродуктивті денсаулық саласындағы ғылыми жаңалықтар мен инновациялардың маңыздылығын білдіреді. Мүсін – ана болуды армандайтын әрбір әйелдің қуаты мен нәзіктілігінің, сенімі мен батылдығының символы», — деді Салтанат Байқошқарова.