Мангистауская область

Әлі сөнген жоқ: Маңғыстауда кен орнындағы өртті сөндіруге 300 млн теңге жұмсалды

Мамандар шығын әлі өсе түсетінін айтады

Маңғыстау облысында екінші ай бойы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орны өртеніп жатыр. Мердігер компания төтенше жағдайды жоюға қазірдің өзінде 300 млн теңге жұмсағанын айтты, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Бірнеше күн бұрын мердігер компания газ-су қоспасын жабу үшін көлденең ұңғымаларды бұрғылауға кірісуі керек еді. Мамандар өртті сөндіру үшін сол ұңғыма арқылы арнайы ерітінді жіберуді ұсынды. Бірақ бұрғылау қондырғысына қажетті құжаттардың жоқтығынан жұмыс кейінге шегерілді.

Мұнай компаниясы өртті сөндіруге қазірдің өзінде миллиондаған қаржы жұмсалғанын айтты.

«Қазіргі уақытта өртті сөндіруге кеткен шығын 300 миллион теңгеден асты, бірақ бұл бастапқы ғана сома – шығын одан әрі өсе бермек. Мүмкін, адам факторы болған шығар, өйткені бәрі асығыс болып жатыр. Қазіргі өртпен арпадыс кезінде бәлкім, асығып жүріп тиісті қағазды реттеуді ұмытып кеткен шығар», — дейді «Бозашы мұнай» ЖШС бас директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Данияр Дүйсенбаев.

Ұңғыманы бұрғылау жұмыстары бүгін, 20 шілдеде басталады деп жоспарланып отыр. Мұнай компаниясы қыркүйектің соңына дейін апаттың ізі де қалмайды деп үміттенеді.

Тақырыпқа орай: Маңғыстауда кен орнында бір айдан бері жанып жатқан өрт қалай сөндірілмек

Естеріңізге сала кетейік, «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы алапат өрт бір жарым ай бұрын, яғни 9 маусымда сағат 03:25-те тұтанған болатын.

Другие новости

Back to top button