Абай облысындағы өртке байланысты қанша ауыл тұрғыны эвакуацияланды
«Семей-орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өртке байланысты осы уақытқа дейін 3 ауылдың тұрғындары эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі таңда Семей қаласының үш эвакуациялық пунктінде Талица, Половинки, Бұлақ ауылының тұрғындары – 150-ге жуық адам, орналасқан», — делінген Абай облысы әкімдігінің мәліметінде.
Қалада барлығы 9 эвакуациялық пункт жабдықталған, олар қажет болған жағдайда 800-ге жуық адамды қабылдауға дайын.
Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар азық-түлікпен және бірінші кезекте қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар табиғи апат аймағында қалған адамдар өрт болған жерде әкімдік волонтерлермен бірлесіп тұрғындарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіп жатқанын айтуда.
«Кеше қатты түтін шығып, әкімдік төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге бізді эвакуациялады. Эвакуация жақсы өтті, бізді автобуспен Семей қаласына жеткізді. Мұнда өрт аяқталғанша күту үшін қажет нәрсенің бәрі бар», — дейді Бұлақ ауылының тұрғыны Жиенгүл Құрмашова.
Еске салайық, «Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын.
Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырылған 14 орманшы қаза болды. Барлығы мемлекеттік наградаға ұсынылды.
Семей орманындағы өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бірнеше ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
10 маусымда түсте жалын шарпыған аумақ 60 мың гектардан асып кеткені хабарланды.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.
Сапар барысында Мемлекет басшысы орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.
12 маусым Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды аза тұту күні болып жарияланды.