Екібастұзда екі әйелге ит шабуылдап, біреуі ауруханаға түсті
Иттің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Екібастұзда екі әйелге ит шабуылдап, біреуі ауруханаға түсті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қыркүйек күні сағат 12:00 шамасында Бауыржан Момышұлы көшесінде 54 жастағы қала тұрғынына ротвейлер секіріп, жерге құлатқан. Салдарынан әйел адам басын жаралап алған. Иесі болған жайттан кейін итті алып, әйелге көмек көрсетпей кетіп қалған. Зардап шеккен адам болған оқиға факті туралы полицияға хабарлаған.
«Жәбірленуші бас миының шайқалуымен ауруханаға жатқызылды. Учаскелік полиция инспекторлары иттің 47 жастағы иесін анықтады. Сол күні осы иттен тағы бір адам зардап шеккені белгілі болды. Сағат 10:30-да 35 жастағы қала тұрғыны «Шахтер» стадионының жанынан өтіп бара жатқан сәтте ызаланған, қарғыбауы мен тұмырылдығы жоқ ит кенеттен әйелге қарай жүгіріп, қауып алған», — деді Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шақарғалиев.
Тәртіп сақшылары үй жануарларын серуендеткен иттің иесін ҚР ӘҚБК 407-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Енді оған он АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді. Бұдан басқа, сотқа жүгіну үшін жәбірленушілерге денсаулығына зиян келтіргені жөнінде сараптама тағайындалды.
2022 жылы полиция қызметкерлері серуендеу ережелерін бұзғаны үшін 168 мысық пен ит иесін әкімшілік жауапкершілікке тартты.