Ыстанбұлдағы жер сілкінісінен 151 адам зардап шекті

Түркияның Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының (AFAD) мәліметінше, сәрсенбі күні Ыстанбұл қаласының маңында 6,2 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді. Табиғи апаттан 151 адам жарақат алып, тәулік ішінде 180-нен астам афтершок болып өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасай отырып.
Жер сілкінісінің эпицентрі Мәрмәр теңізінде, Ыстанбұлдың батыс шекарасынан шамамен 80 шақырым қашықтықта орналасқан. Жерасты дүмпуі жердің 7 шақырым тереңдігінде тіркелді.
Алғашқы сілкініс сағат 12:13-те (жергілікті уақытпен) байқалды және оның магнитудасы 3,9 болды. 6,2 магнитудалы қатты жер дүмпуі 12:59-да тіркеліп, 13 секундқа созылған. Кешкі сағат 15:12-ге дейін 51 афтершок, ал күн соңына қарай жер 180 рет толқыған.
Ыстанбұл губернаторының кеңсесі таратқан ақпаратқа сәйкес, жарақат алған 151 адамның көпшілігі қорыққаннан биік ғимараттардан секіріп кеткен, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Сонымен қатар, Ыстанбұлдың Фатих ауданында бұрыннан бос тұрған бір ғимарат жартылай қираған.
Көпқабатты үйлерден қашып шыққан тұрғындардың видеолары әлеуметтік желіде кеңінен таралып жатыр. Жер сілкінісі тек Ыстанбұлда ғана емес, Анкараға, көршілес Болгария астанасы Софияда да сезілген.
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Кешке қарай өткізілген шұғыл кеңесте президент жер сілкінісінен адам шығыны тіркелмегенін айтты.
Геолог, жер сілкінісі бойынша сарапшы Нәжи Гөрүр бұл дүмпулердің Кумбургаз жырығында болғанын атап өтті.
Гөрүр бұған дейін 2023 жылы Түркия мен Сирияда 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісін алдын ала болжаған болатын. Ол 2024 жылы Ыстанбұлда 7,2-7,6 магнитудалы ірі жер сілкінісі болуы мүмкін деген болжамды да айтқан.