Ел бойынша саяхат: Орал қаласында «Көрінбейтін әлем» интерактивті фотокөрмесі ашылады

Алматы, Астана және Түркістан қалаларындағы сәтті көрсетілімдерден кейін, халықаралық «Көрінбейтін әлем» фотокөрмесі алғаш рет Орал қаласына келді. Canon компаниясы ұйымдастырған фотокөрме 18 сәуір мен 31 мамыр аралығында креативті OzgeEpic хабында (Жастар сарайы) өтеді.
«Көрінбейтін әлем» халықаралық интерактивті көрмесі – фотоөнер саласындағы бірегей оқиға. Экспозиция – көру қабілеті бұзылған адамдардың қажеттіліктері ескеріліп жасалған. Әлемге әйгілі шеберлер түсірген 12 рельефті сурет, тактильді сипаттамалар, аудиогидтер мен Брайль қарпімен жазылған мәтіндер қонақтарға өнерді тура мағынасында «ұстауға» мүмкіндік береді.
Келушілер арнайы көзілдірік-симуляторлар арқылы глаукома немесе диабеттік ретинопатия сияқты түрлі көру бұзылыстары бар адамдардың әлемді қалай көретінін сезіне алады. Бұл тәжірибе эмпатия және өнерді қабылдаудың жаңа белесін ашады.
Қазақстанның тарихи орталықтарының бірі саналатын Орал қаласы инклюзивті көрмені өткізу үшін өте қолайлы орын. Өткен мен бүгінгіні біріктіретін бай тарихы бар бұл шаһар, өнерге деген жаңа көзқарасты – әртүрлі мүмкіндіктері бар адамдарды біріктіретін тәсілді ерекше көрсетеді.
«“Көрінбейтін әлем” жобасы Қазақстан бойынша өз сапарын жалғастырып, енді оралдықтармен қауышып жатқанына қуаныштымыз. Өнер – бұл әмбебап тіл, және біздің мақсатымыз – оны баршаға қолжетімді ету. Бұл көрме – әрбір келушіге суреттер әлемін дыбыстар мен жанасу арқылы сезінуге мүмкіндік беретін инклюзивті кеңістік қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді Canon Kazakhstan өкілдігінің директоры Азиз Ниязов.
Көрмеде суреттерді жанасуға қолжетімді ететін технологияларға ерекше назар аударылған. Рельефті бейнелер Canon-ның заманауи Arizona сериялы принтерлері және PRISMAelevate XL бағдарламалық қамтамасыз етуі арқылы жасалған. Бұл инновациялар әр фотосуреттің құрылымын, бөлшектерін және атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.
«Бұл ерекше сезім. Қолмен ұстап көруге де, түсіндірмелерді тыңдауға да болады. Осындай мәдени іс-шаралардың барлығы көру мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескеріп өткізілсе деген тілегім бар. Брайль қарпі мен аудиосипаттамалар қатты әсер етті. Жаңа мәліметтер алдым. Мысалы, маржанның тірі адам сияқты көбейетінін білмеппін. Біз үшін, көру қабілеті жоқ адамдар үшін табиғатты, сұлулықты осылай сезіну – өте маңызды. Біз әлемді көзбен емес, жанасу арқылы танимыз», – деді Алматыдағы көрменің қонағы Гүлниса Ибрагимова.
Көрмеде Оңтүстік Африкадан Брент Стиртон, Бразилиядан Себастьян Сальгадо, Словениялық Само Видич сынды әлемге танымал 11 фотографтың жұмыстары ұсынылған. Сонымен қатар, қазақстандық шебер Салторе Сапарбаевтың «Тау қорғаушысы» атты қар барысы бейнеленген суреті де қойылған. Бұл туынды Қазақстан табиғатының рухы мен ұлылығын көрсетеді.
«Бұл көрме – кез келген адамға табиғатымызды және оның кейіпкерлерін көру мүмкіндігі шектеулі болса да, көру мүмкіндігін береді. Мен қар барысы арқылы – біздің тауларымыздың символы ретінде – оның сұлулығы мен күшін жеткізгім келеді», – деп бөлісті Салтөре Сапарбаев.
Көрме аясында көру қабілеті бұзылған жандардың әсерлерімен бөліскен бейнероликтер де көрсетіледі. Олардың қатарында британдық белсенді Люси Эдвардс пен паралимпиада чемпионы Менна Фицпатрик бар.
«Көрінбейтін әлем» жобасы инклюзияның маңызын ғана емес, сондай-ақ өнердің – әртүрлі мүмкіндіктері бар адамдар арасындағы байланыстың құралы екенін айқындайды. Бұл көрме – әлемге басқаша қарап, оны жаңа қырынан сезінуге шақыру.
Фотокөрменің мекенжайы: Орал қаласы, OzgeEpic креативті хабы (Карбышев көшесі, 60, Жастар сарайы, 1-қабат).
Көрме дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 18:00-ге дейін, ал жексенбіден басқа күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін ашық.
Canon Europe
Canon Europe — Canon Inc. компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка (EMEA) аймағындағы стратегиялық штаб-пәтері болып табылады. Canon Europe шамамен 120 елде жұмыс істейді, шамамен 12 850 қызметкері бар және Canon компаниясының жаһандық табысының төрттен бір бөлігін қамтамасыз етеді. 1937 жылы негізі қаланған Canon компаниясы үнемі инновацияларға ұмтылып, 80 жылдан астам тарихында кескіндерді өңдеу сапасы бойынша көшбасшылардың қатарында орнықты орын алды. Компания камералардан бастап кәсіби принтерлерге, өнеркәсіптік жабдықтардан бастап денсаулық сақтау саласындағы технологияларға дейінгі бағыттарда өсімге қол жеткізуге және қажетті салаларға инвестиция салуға міндеттеме алған. Canon-ның корпоративтік философиясы — Kyosei — «ортақ игілік үшін бірге өмір сүру және жұмыс істеу». EMEA аймағында Canon Europe бизнесін тұрақты дамытуға ұмтылады, қоршаған ортаға өз әсерін азайтуға және клиенттеріне Canon өнімдері, шешімдері мен қызметтері арқылы өздерінің экологиялық әсерін төмендетуге көмектесуге ерекше мән береді. Canon әлемді бәріміз үшін жақсырақ ету мақсатында кескіндерді өңдеу саласын үнемі жаңаша қарап, қайта ойлап отырады. Өзінің технологиялары мен инновациялық рухының арқасында мүмкіндіктің шекарасын кеңейтіп, әлемді біз бұрын-соңды көрмеген қырынан көруге мүмкіндік береді. Canon Europe туралы қосымша ақпаратты мына сайттан таба аласыз: www.canon-europe.com. |