«Тым қымбат»: Қытай Ресей газын Қазақстан арқылы алудан бас тартқалы отыр

Ресейдің газын Қазақстан аумағы арқылы газ жеткізудің шығыны Қытайға тым қымбатқа түсуі мүмкін. Ресейдегі Қытай елшісі Чжан Ханьхуэй журналистерге берген сұхбаиында «Сібір күші – 2» газ құбыры арқылы газ жеткізу жөнінде келісімге келу әлдеқайда тиімді деп мәлімдеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресей газын Қазақстан арқылы жеткізу мүмкін болмай отыр, себебі бұл бағытта бір ғана газ құбыры бар және ол лық толы. (…) Егер ресейлік газды осы бағытпен тасымалдағымыз келсе, жаңа газ құбырын салуға тура келеді. Бұл – қымбат жоба. Ресей тарапы бұл нұсқаны қарастырып жатыр, бірақ ол іс жүзінде мүмкін емес. Қазір тиімдірек жол – Моңғолия арқылы жеткізу, – деген Чжан Ханьхуэйдің сөзін Интерфакс келтіреді.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак Ресейден Қытайға Қазақстан арқылы жылына 35 миллиард текше метр газ жеткізу жобасы зерттеліп жатқанын айтқан еді.
2024 жылы Ресей Қытайға шамамен 40 миллиард текше метр табиғи газ жеткізді. Бұл көлемнің негізгі бөлігі – 31 миллиард текше метр – «Сібір күші» газ құбыры арқылы тасымалданды. Қалғаны сұйытылған табиғи газ (СТГ) түрінде жеткізілген. «Сібір күші» газ құбырының жобалық қуаты жылына 38 миллиард текше метрге жетіп отыр. 2025 жылы бұл көлемді толық қуатта қолдану көзделген.
Ресейдің Қытайға газ жеткізуі жыл сайын артып келеді. 2020 жылы 4,1 миллиард текше метр, 2021 жылы 10,39 миллиард, 2022 жылы 15,4 миллиард, 2023 жылы 22,73 миллиард текше метр газ Қытайға жеткізілген.