Нур-Султан

«Не деген сарай мынау»: Астананың бас имамының үйі делінген ақпараттың шындығы айтылды

Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов әлеуметтік желіде қызу талқыланған зәулім үй өзінікі емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖЕЛІДЕ ТАРАҒАН ВИДЕО

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның зәулім үйді көрсетіп, онда Астана қаласының бас имамы тұратынын баян етіп, желіге салып жіберген. Расталмаған ақпарат әлеуметтік желіде өте қызу талқыланды.

Мынаны мен басында мешіт екен деп қалдым. Сөйтсем бұл Астананың бас имамының үйі екен. Мешіт сияқты дәу ғой сұмдық. Ал енді садақа жіберіңдер. Жұма сайын салған садақаларың міне қайда кетіп жатыр. Сұмдық қой мынау. Не деген сарай мынау. Төрт әйелі бар екен. Поворын алып келдім. Сендердің садақаларыңмен жалақасын төлейді. Қалай Алладан қорықпайды? Аумағын көрсең бір га жерді қоршап алған ғой, – дейді видеоны түсірген адам.

АҚПАРАТ ЖАЛҒАН

Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов әлеуметтік желіде бұл үйде өзі тұратынын жоққа шығарды.

Ассалаумағалейкүм! Құрметті, бауырлар! Қадірлі мұсылман жамағат! Қазір әлеуметтік желіде Ислам дініне және діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу мәселесі белең алды. Ондай адамдар тым шектен шықты деп айтуға болады. Ең әуелі Алла оларға хидаят берсін дейміз. Фейсбук, тикток әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған аккаунт арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екендігін қаперлеріңізге саламын. Алла елшісі: «Сендердің араларыңдағы Алла Тағалаға ең жек көрініштілерің өсек таратып, адамдар арасына іріткі салып, алауыздыққа апаратындарың»-деген. Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын, – дейді ол.

Ерболат Жүсіпов бейнематериалда тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ

Астана қаласының бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы Жүсіпов 1977 жылы 8 желтоқсанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Үйленген, 3 баласы бар. 1995-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Ынтымақ совхозы «Таяқты ишан» мешіті жанындағы медреседе діни сауатын ашқан. 1997-2001 жылдары Қызылорда қаласы «Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдаған. 2001-2003 жылдары Сирия, Дамаск қаласындағы шетелдіктерге арналған араб тілі институтының толық курсын аяқтаған. 2012-14 жылдары «Нұр Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратура тәмамдаған. 2014-2016 жылы «Нұр Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығы бойынша магистрлік білім алып шыққан.

2006-2012 жылдары ШҚО, Өскемен қаласы мешіттерінде ұстаз болып қызмет атқарған. 2013 жылы Мысыр еліндегі әл-Азһар университетінде тәжірибелік жетілдіру курсынан өткен. 2015 жылы Малайзия Теренгану қаласындағы «Сұлтан Зайнуль Абидин» университетінде тәжірибелік жетілдіру курсынан аяқтаған.  2013-2016 жылдары Алматы қаласы Алатау аудандық «Заря Востока» мешітінде наиб имам қызметін атқарған. 2016-19 жылдары Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы «Нұртай» Орталық мешітінің бас имамы болған. 2019-2020 жылдары республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы болып қызмет атқарған. 2020 жылдың 21 ақпанынан бастап республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы.

Другие новости

Back to top button