FlyArystan-да тағы шу шықты: компания қызметкері мен жолаушы төбелесті
Алматы әуежайында жолаушы FlyArystan қызметкеріне шабуыл жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға 14 қаңтарда болған. Алматы – Астана бағыты бойынша FS 7057 рейсінің жолаушысы Алматы халықаралық әуежайында FlyArystan қызметкеріне шабуыл жасады.
МӘН-ЖАЙ
Жолаушы рейс уақытынан 30 минут бұрын тіркеу бағанына келіп, рейске тіркелгенін растағаннан кейін, тексеру аймағына бағытталды. Алайда жеткіліксіз уақыт қалуына байланысты жолаушы рейске отырғызуға үлгермей қалған.
— Осы ретте, рейске отырғызу ұшу уақытына 30 минут қалғанда басталатынын және осы уақытта барлық жолаушылардың гейтте болуы қажет екенін еске саламыз. Осыдан кейін жолаушы тіркеу аймағына қайта оралып, тексеру аймағына бағыт көрсеткен қызметкерге қатысты агрессивті мінез-құлық көрсете бастады. Оқиға барысында ол қызметкердің жеке мобильді телефонын лақтырып, беті мен ішіне соққы жасады және сөзбен қорқытуды жалғастырды. Бұл агрессиялық әрекет бейнекамераларда және куәгерлердің мәлімдемесімен расталған, – дейді компания өкілдері.
FlyArystan компаниясы қызметкерлеріне және басқа жолаушыларға қатысты күш көрсету, қорқыту және қорлау әрекеттеріне төзімділік көрсетпеу саясатын ұстанатынын айтады.
— Агрессивті немесе тәртіпке сай келмейтін мінез-құлық танытатын жолаушылар мұндай әрекеттер заңды және әуекомпаниясының ішкі ережелерін бұзатынын, бұл ұшудың қауіпсіздігіне, оның ішінде ұшуға дейінгі дайындық процесіне қауіп төндіретінін түсінуі қажет. Деструктивті мінез-құлық көрсеткен жолаушы қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады. Сондай-ақ, әуекомпания өз қауіпсіздік саясаты шеңберінде тиісті әрекеттерді, оның ішінде «қара тізімге» енгізу сияқты шараларды дербес түрде қолдану құқығын сақтайды. Әрбір жолаушының өз мінез-құлқы мен басқаларға деген құрмет нормаларын сақтауы толықтай өзінің жеке жауапкершілігінде екенін ерекше атап өтеміз. Рейске уақытында келу жолаушының жеке жауапкершілігі екенін есте сақтау маңызды. Ұшу қауіпсіздігі мен жайлылығы өзара құрмет, тәртіп және ережелерді сақтау мәдениетіне тікелей байланысты, – делінген хабарламада.
ЗЕРЕНІҢ ОҚИҒАСЫ
12 жастағы Зеренің оқиғасына қатысты іс бойынша апелляциядан да жеңілген болатын. 13 қаңтарда Air Astana компаниясының өтінішін қарау аяқталды. Тасымалдаушы «ұшақта орын жетпеген» қыздың анасына берілетін моральдық өтемақыны бес миллион теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін азайтуды сұрады. Адвокат Данильхан Шағатаевтың сөзінше, апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырған. Бұл туралы адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Сот үкімі бойынша, компания Зеренің анасына материалдық өтемақы ретінде бес миллион теңге төлеуі керек.
Бұл Air Astana-ның еншілес компаниясы FlyArystan-ға қатысты оқиға. Компания қызметкерлері кәмелетке толмаған жолаушыны Астана әуежайында жалғыз қалдырып кеткен болатын.
Зере және Зәуре есімді егіздер былтыр 20 шілдеде АҚШ-тан Орал қаласына Астана арқылы ұшып жетпек болған. Рейске тіркеу кезінде FlyArystan қызметкерлері олардың тек біреуін тіркеп, Зерені жалғыз қалдырып кеткен.
Қызметкерлер бұл мәселені шеше алмай, бала Астана әуежайында жалғыз қалып қойды. Осылайша Зере тек келесі күні ұшып кеткен.