Алматыда бұған дейін 11 баласы шетінеп кеткен келіншек көптен күткен сәбиін қолына алды
Алматының №2 қалалық перзентханасының дәрігерлері таңғажайып оқиғаның куәсі әрі себепкері атанды. Осыған дейін жатырдағы 11 баласы шетінеп кеткен 44 жастағы әйел 12-ші рет бала көтеріп, дәрігерлердің арқасында аман-есен босанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәрігерлердің айтуынша, 44 жаста әйелдің балалары үнемі құрсағында жатып шетіней берген. Екі рет ЭКО арқылы бала көтерсе де, балалары бесінші айында ары қарай дамымай қала берген. Дәрігерлер келіншектің денсаулығын толық тексере келе, балалардың дамымай қалуы анасының бойындағы синдром себеп екенін анықтаған.
«Біз консилиум өткізіп, науқасты гематологқа жібердік. Гематолог әйелдің денсаулығында антифосфолипидтік синдромды анықтады (жүкті әйелдің антиденесі өз тіндерін бөтен деп қабылдап, оларды өлтіре береді — ред.) Дәл осы синдром әйелдің ұүрсағындағы балаларды дамытпай отырған. Бірден осы синдромнан болатын асқынулардың алдын ала бастадық», — деді № 2 қалалық перинаталдық орталықтың директоры Светлана Рахимова.
Дәрігерлер әйелді жеті рет тексеріп, үнемі бақылап, ішіндегі баланы аман алып қалу үшін дәрі-дәрмегін берген. Соның арқасында әйел баласын 34-ші аптасына дейін аман-есен көтеріп жүрген. 34-ші аптадан кейін әйелдің қан қысымы көбейіп, преэклампсия басталған соң, дәрігерлер әйелді шұғыл түрде босандырған.
«Көптен күткен, салмағы 2700 грамм ұл бала дүниеге келді. Анасы мен баласын үйіне шығардық, қазір денсаулықтары жақсы», — деп атап өтті Светлана Рахимова.