Нур-Султан

Әзірге эскизі ғана әдемі: Бектенов пен Қасымбек LRT қандай болатынын көріп қайтты

Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов Астанадағы LRT құрылысының барысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет таратқан суреттерге қарасақ, Бектеновтің жанында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев жүрген.

Жеңіс Қасымбек үкімет басшысына LRT-ның дайындығы мен болашақта Астанадағы көлік жүйесі қалай өзгеретінін айтып берген. Қазір LRT эстакадасының арқалықтары салынып біткені хабарланып отыр. Үкіметтің баспасөз қызметі LRT-ның болашақта қандай болатынын бейнелейтін бірнеше эскиз ұсынған.

«Cтансалардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылы рельстерді төсеу, стансаларды әрлеу және жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадаларды абаттандыру жоспарланып отыр», — деп хабарлаған үкімет.

Жалпы, бұған дейін хабарланғандай, жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 шақырым болмақ. Оның 18 стансасы болады.  Бір мезетте 652 адам сыятын 19 вагон стансалар арасын небары 4-5 минутта жүріп өтеді деп хабарланып отыр.

Басында тәулігіне 25 мыңм адам, ал жолаушы ең көп болғанда тәулігіне 92 мың адам осы LRT-мен жүреді деген болжам бар. Халық қазір автобуста төлеп жүргендей, LRT билетін алып немесе QR-код арқылы төлеп жүреді. «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, барлық құрылыс жұмысын аяқтау және LRT іске қосу 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған.

«Мемлекет басшысы еліміздің көлік жүйесін дамытуға көп көңіл бөледі. LRT жобасы бойынша инфрақұрылымды дайындау бойынша үлкен жұмыс жүреді, қаражат бөлінді. LRT қала тұрғындарына, елорда қонақтарына қызмет етеді. Құрылыс жұмыстарының қарқыны артып келеді, оларды бәсеңдетпеу керек. Әкімдік пен орталық мемлекеттік органдар тарапынан бақылау күшейсін. Осы жұмыстан нәтиже шығарайық», — деді премьер-министр.

Другие новости

Back to top button