Маңғыстаулық полицейлер әйелі күйеуінен зорлық көрсе де, неге екеуіне де іс қозғалғанын түсіндірді
Маңғыстау облысы Ақтау тұрғыны күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеп, жаңа бейнеөтініш жазды. Ол бұл жолы өзіне полиция тарапынан негізсіз айыптар тағылып жатқанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Департамент әйеліне күш көрсеткен ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сонымен қатар күйеуінің арызы бойынша, әйелінің үстінен заңсыз иемдену немесе жымқыру, яғни бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды», – деп жауап берді полиция.
Полиция департаменті ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады. Ер адам қорғаныс тәртібін бұзғаны үшін қамауға алу түріндегі жауапқа тартылып, мұндай заң бұзушылықты тағайындау туралы материал сотқа жолданды.
Еске салайық, бұған дейін жұбайынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеп, өмірін Салтанат Нүкеновамен салыстырған Ақтау тұрғыны Арайлым жаңа бейнеөтініш жазғаны туралы хабарлаған едік. Бейнежазбаны #НеМолчи қоры жариялап, онда әйел әлі күнге дейін жұбайынан қорғаныс туралы бұйрық берілмегенін айтқан.
«Маған ақшалай қаражатты ұрлады деген негізсіз айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Негізі Астанаға айғақ беруіме рұқсат етілген еді. Алайда полиция басқармасының аға тергеушісі Ақтауда қалу туралы қаулыны әкеліп тұр», — деді ол.
Әйелдің айтуынша, күйеуі бірнеше рет балаларды алып кетіп, таныстарын жұмылдыратынын айтып қорқытқан. Арайлым өзіне және балаларына қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Маңғыстау облысының прокуратурасынан көмек сұрады. Сондай-ақ, ол полицейлердің біріне қатысты қызметтік тергеу жүргізуді сұрады.