Жетісу облысында бруцеллез жұқтырған адам саны артуда
Жетісу өңірінде санитарлық дәрігерлер бруцеллез ауруын жұқтырған адамдардың саны күрт өскенін мәлімдеді. Бруцеллез жұқтыру көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 43,7 пайызға өсіп, қазірдің өзінде 116 адам ауруға шалдыққан. Ауруханаға жатқызылғандардың 27-сі кәмелетке толмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал аудандары мен Текелі қаласында эпидемиялогиялық жағдай нашарлады. Бұл аудандарда ауру тіркелу көрсеткіші облыстық көрсеткіштен 1,6-3,2 есеге жоғары», — деді Жетісу облыстық СЭҚД басшысының орынбасары Индира Күнбасова.
Ведомство мамандары науқастардың басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын және бруцеллезді негізінен жануарлардан жұқтырғанын айтты.
«Инфекцияның негізгі көзі – ауыл шаруашылығы жануарлары. Бұл инфекция негізінен қой, ешкі, сиыр, түйе, сондай-ақ шошқа мен иттен жұғады. Ағзаға инфекция сүт және жеткіліксіз деңгейде өңделген ет өнімдері арқылы түседі. Сонымен қатар ауру малды күту, жүнін қырқу, сою, терісін сыпыру, көбінесе жаңа туған қозыларды төлдеу кезеңінде тамақтандыру кезінде жеке гигиена ережелерін сақтамау да ауру жұқтыруға әкеледі» — деді санитарлық дәрігерлер.
Бруцеллезді емдеуден кейін оңалу мерзімі ұзаққа созылуы мүмкін. Егер емдеу кешіктірілсе, адам мүгедек болып қалуы мүмкін.
Жануарларды күтіп-бағуға байланысты барлық жұмыс арнайы қорғаныш киімдерімен жүргізіліп, жеке гигиена ережелері сақталуы керек, деп ескертті ведомстводағылар.