Қарқаралыда балабақша есепшісі мүгедек қызын емдету үшін 24 млн теңге ұрлаған
Оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Қарқаралыда балабақша есепшісі 24 миллион теңге жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Бұл фактіні Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің тергеушілері анықтаған.
Іс материалдарына сәйкес, әйел 2 жыл бойы өз есепшотына мекемеден заңсыз ақша аударып келген.
Сот отырысында ол өз кінәсін жоққа шығармай, алайда қылмысқа мүмкіндігі шектеулі қызын емдету үшін барғанын мойындады. Оның 6 жасар қызы аутизммен ауыратыны және үнемі дәрігерлердің медициналық кеңестері мен қымбат дәрі-дәрмекті қажет ететінін белгілі болды.
Сот аталған мән-жайларды назарға алды. Есепші 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ ол жазасын қызы 11 жасқа толғанда өтейтін болады. Сондай-ақ ұрланған ақшаны да қайтаруы керек.
«2021-2022 жылдар аралығында бас есепші өзінің жеке карта шотына жалақы мен еңбек демалысы жинақтарын негізсіз аудару арқылы бюджет қаражатын ұрлағаны анықталды. Қарқаралы аудандық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарылды және жазасын өтеу мерзімі 5 жылға дейін кейінге шегерілді», — делінген сот үкімінде.