Бразилияда дәрігерлер сиам егіздерін бір-бірінен ажыратып алды
Бразилияда дәрігерлер сиам егіздерін бір-бірінен ажыратып алды. Олардың бас сүйегі жабысып туған, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.
Рио-де-Жанейрода үш жастағы Бернардо мен Артур Лимаға Лондондағы Грейт-Ормонд-стрит ауруханасынан келген дәрігерлердің басшылығымен ота жасалды.
Дәрігерлер компьютерлік томография мен магниттік-резонанстық томография негізінде ұлдардың анатомиясының виртуалды моделін жасап, оларды ажыратудың қауіпсіз әдісін табуға бірнеше ай жұмсады.
Хирург Нур уль Овасе Джилани отаны «ғарыш дәуірінің өнімі» деп атады. Оның айтуынша, хирургтар алғаш рет әртүрлі елдерде отырып, бір «виртуалды бөлмеде» бірге жұмыс істеген. Gemini Untwined клиникасының негізін қалаушы дәрігер Джилани бұған дейін Пәкістан, Судан, Израиль және Түркиядан келген сиам егіздеріне ота жасаған.
Егіздерді клиникаға ата-анасы екі жарым жыл бұрын әкелген және осы уақыт бойы бақылауда болған. Егіздерге бірнеше рет ота жасалды. Лима егіздері барлығы жеті отадан өтті. Соңғы ота 27 сағатқа созылды. Оған 100-ден астам дәрігер қатысты.
Бернардо мен Артур ажыратылғаннан кейін қан қысымы мен жүрек соғысы бірден жоғарылаған. Бұл барлық сиам егіздерінде бөлінгеннен кейін болатын жағдай. Төрт күннен соң олар бір палатаға жатқызылды. Бір-бірінің қолынан ұстағаннан кейін көрсеткіштері қалыпқа келген. Енді олар алты ай сауықтырудан өтеді. Статистика бойынша сиам егіздері 50-60 мың жағдайда бір рет дүниеге келеді. Олардың 5% краниопагтар, яғни бас сүйектері бірігіп туады.