«Іші-сырты жылтыраған үйге кіргенде мәз болдық»: ШҚО-да көп балалы отбасыларға әкімдік берген үйлердің төбесінен су ағып жатыр
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан қаласында құрылысқа атүсті қараған мердігерлер шала атқарылған жұмыстарын реттеуге асығар емес. Көп балалы отбасыларға берілген баспана бастапқыда жібі түзу бүтін үй болып көрінгенімен, екі-үш ай ішінде кетеуі кете бастаған. Stan.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап, тұрғындармен тілдесіп көрді.
«Үйдің төбесі тым жұқа салынған»
Көп балалы аналар көлденең қойған сауал – баспана неге сапасыз етіп салынды? Олардың айтуларынша, жаңбыр жауса үйдің төбесінен су ағып, қабырғалары көгеріп кетеді. Аудан басшылығындағылар бұған қатысты тиісті шара қолданылып жатқандығын жеткізді. Жаңа үйлердің кем-кетігін жөндету үшін мердігерлерге қатысты сотқа талап арыз жолданған көрінеді.
Сағыныш Солтанбекқызының отбасы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен салынған бұл үйге былтыр желтоқсан айында кірген. Өзі бес баланың анасы. Алғашқы апталарда қирап, бүліну жағынан ешнәрсе байқамаған. Дегенмен бірнеше ай өткенде-ақ кемшіліктер біліне бастапты.
“Іші-сырты жылтыраған үйге кіргенде мәз болдық. Алайда аз уақыт өткенде сол қуанышымыз су сепкендей басылды. Алдымен қабырғалары көгере бастады. Сосын ақпан айында күн жылынғанда төбеден су ақты. Төбеден аққан суға тосқауыл болсын деп еденге тегеш қойып қойдық. Ол лезде толып, қайта-қайта төгіп отырдық”, – деді Сағыныш Солтанбекқызы
Көп балалы ана үйдің төбесі тым жұқа салынғанын айтты. Жел соқса гуілі анық естіледі дейді. Ақыры төбеден су ағып тұрған сәтті видеоға түсіріп, оны үйді салған мердігер компанияның қызметкерлеріне жіберген.
Мердігерлер келуін келіп, су аққан жерге пена құйыпты. Тек онымен түйткіл түйіні шешілмеді. Тағы су аққанда көп балалы ана құрылысқа жауаптыларға қайта қоңырау шалып, олар «Күн жылынғанда жөндеп береміз» депті.
“Ауа райы біршама жылып қалған. Сол кезде «Сіз жөндейтін адам тауып, бағасын келісіңіз. Шығынды өзіміз көтереміз» деді. Сосын құрылыспен айналысатын азаматтарды тауып, олармен 200 мыңға келістім. Десе де мердігер компания сөзінен тайқып, ақшаны бермеді. Жаз ортасында тағы бір жерден су ақты – дәл электр тоғы өтетін тұстан. Соның салдарынан су аққанда тоқ жарқылдай жөнеледі. Үйде балалар бар, солар үшін қорқамыз”, – дейді көп балалы ана.
«Үндемесек, басқаларға бұдан да нашар үй беріледі»
Жаңбыр жауған сайын тегешке толған суды төгіп, әуре-сарсаңға түсіп жүрген көп балалы әйел мердігер компанияның қызметкерлері қазір мүлде телефондарын алмайтындықтарын айтты.
“Бұл бізге жалға берілген баспана. Үш бөлмелі жер үйге ай сайын 17 500 теңге пәтер ақысын төлеп келеміз. Тек біздің емес, тағы 5 үйдің төбесінен су ағады. Үкіметтің көп балалы отбасыларға қолдау білдіріп жатқаны жақсы ғой. Бірақ үйдің де сапалы етіп салынғанын орынды санаймыз. Егер мұны үнсіз қалдыра берсек, жауапсыздық одан сайын күшейіп, басқа отбасыларға бұдан да нашар үйлер берілуі мүмкін”, – дейді көп балалы ана.
Ал Әсем Күдеринова үйлердің құрылысы дұрыс аяқталмағанын айтты. Көктемде еріген қар суы үйдің төбесінен сорғалап, мазасын алған.
“Мердігерге шағымымызды талай айттық. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Үйдің төбесі тым жұқа. Іші дымқылданып, жаңадан сатып алған жиһаздарым түгелдей көгеріп кетті. Тіпті есік-терезелері де дұрыс жабылмайды”, – дейді ол.
Тұрғындар жарық бағаналары орнатылғанымен әлі күнге дейін шамдардың жанбайтындықтарын да тілге тиек етті. Күн батқанда оқушылар мектептен қорқып қайтады екен.
Облыс әкімдігіне қоңырау шалып едік, әдеттегідей байланысқа шығу мүмкін болмады. Ал Зайсан ауданы әкімдігінің мәліметінше, үйлердің сапасына тексеру жүргізілген. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен барлығы екіпәтерлі 31 жер үй салыныпты.
“Бұл жеке инвесторлар есебінен салынған үйлер. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне сатып алынған. Қос пәтерлі тұрғын үйлер кезекте тұрған көп балалы аналарға 2021 жылдың желтоқсан айында жалға берілген. Үйлерде анықталған кемшіліктер бойынша мердігерлер «Келгенбаев Тимур» ЖК, «Ажықанов Айдын» ЖК-ға қатысты Шығыс Қазақстан облысының мамандырылған аумақтық экономикалық сотына талап арыз жолданды”, – делінген ресми хабарламада.