Павлодарская область

Павлодарда әйелін қызғанған ер адам электр мұнарасынан секірмек болды

Ер адам құтқарылып, психиатриялық емханаға жатқызылды

Павлодарда әйелін қызғанған ер адам электр мұнарасынан секірмек болды. Көрсетілген мекенжайға дереу полиция қызметкерлері жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адамды теріс қадамнан құтқару сәті тәртіп сақшысының бейнежетонына түсіп қалған.

15 қазан күні сағат 17:30 шамасында полицияға Генерал Дүйсенов көшесі, 1 мекенжайы бойынша орналасқан электр мұнарасында ер адамның өзіне-өзі қол жұмсағалы тұрғаны туралы хабарлама түскен.

«Көрсетілген мекенжайға дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Оқиға орнына бірінші болып патрульдік полиция батальонының автопатрулі келді. Лейтенант Олжас Тілеубергенов шамамен 10 қабатты үймен бірдей мұнараға көтеріліп, ер адаммен сөйлесе бастады. 1984 жылы туған ер адам есірткіден масайған күйінде жұбайын қызғанғаннан өзіне-өзі қол жұмсау туралы шешім қабылдағаны анықталды», — деді Павлодар облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев.

Ер адам полиция қызметкерімен біршама әңгімелескеннен кейін төмен түсті. Кейін ол психиатриялық топтың қызметкерлеріне тапсырылып, психиатриялық емханаға жатқызылды.

«Төменде адамдар мен көмек сұраған ер адамның жұбайы тұрды. Көтерілгеннен кейін мен бірінші кезекте ер адамға қолымды созып, танысқан соң қолымды жібермей мықтап ұстадым. Менің де отбасым бар екенін және олардың мені үйде күтетініндей оның да отбасының оны күтетінін айттым. Көз жасына ерік берген азамат не болғанын, небәрі үш жастағы қызы бар екенін айта бастады. Сөйлескеннен кейін біз бірге төменге түстік», — деді полиция лейтенанты, Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Олжас Тілеубергенов.

Ол өзінің бар ойы — ер адамды құтқару және кішкентай қызды әкесіз қалдырмау болғанын айтады.

Айта кетерлігі, лейтенант қыркүйек айында демалыс күні 8 жасар қызды тонап кеткен ер адамды ұстаған. Ол ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет етіп келеді. Спорттық шеберлігімен де ерекшеленеді. Жауынгерлік самбо және қоян-қолтық күрес бойынша спорт шебері.

Қажырлы жаттығулар мен шеберліктің арқасында жақында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық күрес құрамасының мүшесі бола отырып, күш құрылымдары арасында чемпион атанды.

 

Другие новости

Back to top button