Алматинская область

«14 қабырғасын уатып, бетіне дәрет сындырған»: Алматы облысында елу жастағы ер адамды аяусыз соққыға жыққан үш жасөспірім әлі бостандықта жүр 

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылында жантүршігерлік жағдай. Үш жеткіншектен оңбай таяқ жеген Назар Телекеевтің бүгінде денсаулығы күрт нашарлаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы. 

 

Туыстарының сөзіне сенсек, әлгі қатігез жасөспірімдердің екеуі мектеп оқушысы, біреуі колледж студенті екен. Олар түннің бір уағында елу жастағы ер адамды соққыға жығып, бетіне дәрет сындырған. Сол түні жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткен жәбірленуші 15 күндей ес-түссіз комада жатыпты.

«14 қабырғам сынған. Тіпті малды олай ұрмайды. Бәріміз мұсылманбыз, қазақпыз. Жұмысқа жарамай қалдым. Енді қандай болып қалатынымды тек бір Алла біледі. Бұл жағдай наурыз айында болған, ал сол уақыттан бері үш жасөспірім бостандықта жүр. Дәрімді ішемін, басым ауырады. Қабырғаларым, ішкі құрылысым ауырады. Сол жағдайдан кейін көзімнің көру қабілеті нашарлап, көзілдірік тағып қалдым. Ендігі талабым – солар сотталса, кінәні мойындарына алса деймін. Шынын айтқанда, амалдың жоғынан жүрмін», – дейді жәбірленуші Назар Телекеев.
Қоғамды дүрліктерген оқиға осыдан үш жарым ай бұрын, яғни 6 наурыз күні болған екен. Дәл қазіргі таңда ер адамға қатыгездік жасаған әлгі үш жеткіншек бостандықта тайраңдап жүр, ал полиция қызметкерлері атышулы істі созып, жәбірленуші тарапқа мардымды жауап бермей отырған көрінеді.

Осы даулы істің мән-жайын білу мақсатында Stan.kz тілшісі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасына барып, соңғы жаңалықтарды біліп көрді. Аталған ғимаратқа кіреберіс дәлізде дәл осы істі тергеуші жігіт жолықты. Алайда ол бейнекамераға түсуге қарсылық танытып, мардымды жауап бергісі келмеді.

«Дәл қазір олар туралы ештеңе айта алмаймын. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Шешім қабылданады. Басқа ештеңе айта алмаймын», – деп қысқа қайырды тергеуші Қуаныш Мүсілім.
Құзырлы орган өкілдерінің жауабы осы. Сондай-ақ екі оқушының сынып жетекшісі де бұзықтық жасаған шәкірттері жайлы бұрын-соңды ел естімеген деректерді бүкпесіз баяндап берді және түн ортасында елу жастағы ер адамды таяқтың астына алған жеткіншектің бірінің атасы да жәбірленуші тарап туралы біраз шындықты айтты.
Бүкіл әлеуметтік желіні дүрліктірген бұл оқиғаға қатысты тергеу ісі алдағы уақытта да Stan.kz тілшілерінің назарында болады.

Эксклюзивті бейнематериалдың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.

Другие новости

Back to top button