Алматы

«11 саусақ»: Алматыда дәрігерлер аса күрделі ота арқылы сәбидің қолын қалпына келтірді

Алматыдағы  №2 Қалалық клиникалық балалар ауруханасының ортохирургтері  кемтар туған балаға күрделі ота жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

Ортопластикалық ота жасауға  Ресейдің Н.Пирогов атындағы Жоғары медициналық технологиялар клиникасының  мамандары көмектескен.

Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, қыз бала полидактилияның күрделі түрімен туған. Оның оң қолындағы бас бармағы қосарланып кеткен. Мамандардың сөзінше, артық саусақты алып тастау өте қиын. Ол үшін қолдың эмбриологиясын жетік білу қажет. Оның үстіне, іштей кемістік салдарынан қосарланып кеткен бас бармақтың пішіні бұзылып, тым жіңішкеріп кеткен екі саусақтан бас бармақ жасау қажет болған.

«Ресейлік әріптестер бізге «Милосердие» қорының шақыртуымен келді. Шеберлік класына Алматы, Павлодар, Қарағанды, Талдықорған, Алматы облысының балалар ортопедтері, ортохирургтер,  анестизиологтар да қатысты. Күрделі ортопластикалық және қалпына келтіруге бағытталған оталарға қоса, көптеген балалар білікті мамандардан кеңес алды», — деді №2 ҚБКА директоры Марат Рабандияров.

Бір айта кетерлігі, операциялар жергілікті жансыздандырудың бірегей технологиясын қолдана отырып жасалды.

Клиникада өткен бес күндік шеберлік класы барысында аяқ-қол кемістігімен туған немесе басқа да күрделі диагноз қойылған қазақстандық 5 балаға ота жасалды. Бірнеше сағатқа созылған күрделі операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен жасалды.

«Бұл технология барысында процесті толығымен УДЗ құралы арқылы бақылап отыру қажет. Ол жансыздандыру кезінде қолданылатын наркоз мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Бала тез есін жиып, наркоздың кері әсері азаяды. Бала операция залында оянды», — деді аурухананың травматология бөлімшесі меңгерушісі Ерлан Садырбалин.

Другие новости

Back to top button