Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау: 2026 жылдан бастап цифрлық жүйе енгізіледі
Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі. Қазір таңбалау жүйесінде айналымға қатысатын 55 субъект тіркеліп, нарық қатысушылары жаңа талаптарға дайындалуда.
Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау: енгізу кезеңдері мен мерзімдері
Енгізу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 12 маусымдағы №431 қаулысымен және Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 22 қарашадағы №330-НҚ бұйрығымен бекітілді. Міндетті таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі және әр тауар бірегей Data Matrix кодымен қамтамасыз етіледі.
- 2026 жылғы 1 желтоқсан — былғары мен жасанды үлбірден жасалған жекелеген бұйымдар, кейбір киім түрлері, шаңғы костюмдері, төсек-орын жабдықтары, ас үй және асхана тоқыма бұйымдары;
- 2027 жылғы 1 наурыз — сырт киімнің жекелеген түрлері, свитерлер, кардигандар, жейделер, блузкалар, мойын орағыштар және басқа санаттар;
- 2027 жылғы 1 қазан — таңбалауға қосымша санаттар: костюмдер, көйлектер, белдемшелер, шалбарлар, комбинезондар және спорттық костюмдер.
Tanba ақпараттық жүйесінде тауарлар туралы мәлімет тіркеледі, ал тұтынушылар өнімнің түпнұсқалығын Naqty Ónim мобильді сервисі арқылы немесе Forte, eGov Mobile және Aitu қосымшаларында тексере алады.
Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және салалық көрсеткіштер
Жеңіл өнеркәсіп үш негізгі топты қамтиды: тоқыма өнеркәсібінің үлесі 61,3%, киім өндірісі 32,2% және былғары мен оған жататын өнімдер 6,5% құрайды. Салада барлығы 1419 кәсіпорын жұмыс істейді: 1382 шағын, 29 орта және 8 ірі кәсіпорын.
Кәсіпорындардың сандық бөлінісі бойынша тоқыма өнеркәсібінде 492 (34,6%), киім өндірісінде 802 (56,5%), былғары өнімдер өндірісінде 125 (8,8%) кәсіпорын бар. Салада қызметкерлер саны 18,3 мың адамды құрайды.
Министрліктің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі №450 бұйрығымен таңбалау мен қадағалау қағидалары бекітілді. Таңбалау өнімнің заңсыз айналымын азайтуға, нарықтың ашықтығын арттыруға және отандық өндірушілер үшін әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалауға дайындық пен бизнеске қолдау
2026 жылғы қыркүйеттен бастап кәсіпкерлерге арналған тестілік орта жұмыс істейді; 2 қарашадан бастап нарық қатысушылары негізгі ақпараттық жүйеге кіріп, таңбалау кодтарын алдын ала тапсырыс бере алады. Бірыңғай оператор әр сәрсенбі сағат 15:00-де тегін вебинарлар өткізіп, кәсіпкерлерді жүйемен таныстырады.
Бизнестің пікірінше, таңбалау қойма есебін жеңілдетіп, тауарларды қабылдау мен жөнелту кезіндегі қателерді азайтады және өнімнің заңдылығын қадағалауды күшейтеді. Қарағандыдағы «Тандем XXI» ЖШС басшысы Людмила Мартюхина мен QazTextileIndustry басқарма төрағасы Гульмира Уахитова бұл жүйенің отандық өндірушілер мен адал импорттаушыларға тиімді екенін атап өтті.
Кеңес пен техникалық қолдау бойынша байланыс: тәулік бойы жұмыс істейтін 8 800 080 65 65 телефоны, Telegram +7 708 825 32 72 (@Tanba_CC), mark@mycloud.kz электрондық поштасы және @Tanbakz_bot чат-боты арқылы беріледі.



