Туркестанская область

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ЖАҢА БАЛАБАҚША ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында 100 балаға шақталған «Жас дарын» жеке балабақшасы пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Қадірбек, округ әкімі М.Телғараев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

Аудан әкімінің орынбасары әлеуметтік нысанды жеке өз қаржысына соққан Байбатшаев Теміржан Асайұлына аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, Алғыс хатын табыс етті.

Осы уақытқа дейін ескі ғимаратта мектепке даярлық білімін алып келген Балықты ауылының бүлдіршіндері енді жаңа, барлық стандартқа сай балабақшаға көшіріледі.

Бүгінде ауданда 51 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде 48 балабақша, 3 шағын орталық қызмет көрсетуде. Балаларды мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.

Қазіргі таңда ауданымызда барлық балабақшаларға кезекке қою, жолдама беру, қабылдау «balabaqsha.snation.kz» жүйесімен автоматтандырылған. Ендігі кезекте балалардың балабақшаға келуін есепке алуды автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл нақты баланың келіп-кетуін бақылайтын ашық жүйе болмақ. Сонымен қатар алдағы уақытта балабақша педагогтеріне арналған оқу-әдістемелік кешенімен, көмекші материалдардан тұратын «bilimkids. kz» онлайн білім беру платформасын енгізу жұмыстары іске аспақ. Бұл өз кезегінде тәрбиешілердің білімін шындап, заманауи оқу-процестерін меңгеруге зор септігін тигізбек.

Другие новости

Back to top button