ПроисшествияТуркестанская область

Түркістан облысында шопан тергеуден кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болған

Түркістан облысында шопан полиция қызметкерлерін өзіне қол жұмсауға итермеледі деп айыптады, — деп хабарлайды Оtyrar.kz.

Ер адамның айтуынша, үш қызметкер оны қорқытып, ұрып-соғып, мал ұрлығына кінәлі деп айыптамақ болған. Ол мұндай қысымға шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

«Өзімді ұстай алмадым. Жүйкем сыр бере бастады. Таңға дейін шыдай алмай, өзіме қол жұмсамақ болдым», — дейді шопан.

Түлкібас ауданы полиция қызметкерлерінің әрекетінен Мұрат Қашағанов өз өмірін қиюға бел буған. Ол 3 қызметкердің оны екі жылқы ұрлады деп айыптап, вокзалға апарғанын есіне түсірді. Шопан бұл малдарды көрші ауылда баққанын айтады. Бірақ олардың жоғалып кетуіне еш қатысы жоқ дейді. Мұраттың айтуынша, полиция қызметкерлері алдымен ұрланған малдың иесіне келтірілген шығынды өтеуді талап еткен. Ал Мұрат Қашағанов бас тартқаннан кейін олар ер адамды мәжбүрлей бастаған.

«Олар мені қорқытты. Біреуі «есірткі салып жіберейін бе?» деді. Мен «қолыңнан келсе, істеп көр» дедім. Істемеген қылмыс үшін төлемейтінімді  айттым. Сол кезде мені қалай ұрғанын байқамай қалдым. Кейін тыныс алу қиындап кетті», — дейді Түркістан облысының тұрғыны Мұрат Қашағанов.

Бірақ Мұрат үшін ең қиыны психологиялық тұрғыдан мұндай қысымға төтеп беру болды. Жауап беріп болған соң, үйіне оралғанда ол түнде аулада асылып өлуді ұйғарған. Алайда әйелі оны құтқарып қалған, кейін күйеуін ауруханаға апарған. Мұрат пен оның туыстары заң бұзғандарды аудандық прокуратураға хабарлаған.

«Прокурор ағамның бәрін мойындағанын айтты. Егер шынымен де, солай болса, полиция дереу іс ашып, полиция бөліміне апарар еді. Олар ағамды жай жібермес еді және «ертең келеміз» демес еді. Сондықтан прокуратура тарапынан нақты әрекет пен жауап жоқ. Менің ағама қысым жасалған. Қызметкерлер оны өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген», — дейді жәбірленушінің бауыры Бейбіт Шынбақов.

Түркістан облысының полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеті әлі анықталған жоқ.

«Ер адам сол күні полицияға келмей, үйінің ауласында өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша тіркелді, — дейді Түркістан облысы ІІД баспасөз хатшысы Гүлнәр Абдужаппарова.

Енді бұл іспен аудандық прокуратура айналысады. Ведомство мәліметінше, қадағалау органы тексерісті бастап кеткен.

Ақпарат дереккөзі

 

Другие новости

Back to top button