«Шынтуайтына келгенде, Дугиннің бар-жоғы украин жағына соншалықты әсер етеді деп ойламаймын»
Әміржан Қосанов, саясаткер
«Біраз адам «неоевразизм» идеологиясының көшбасшысы деп атап жатқан ресейлік Дугиннің қызына қастандық жасалыпты. Ешкімге жамандық тілеуге болмайды, шынымен де қайғылы жағдай.
Жаңа ғана ресей телеарналарының комментарийлерімен танысып шықтым.
Содан ұққаныммен бөлісейін.
Біріншіден, ФСБ-ның бірнеше сағаттың ішінде қылмыскердің кім екенін анықтап, оның осы қылмысты жасауға қалай дайындалғанын, қайда тоқтап, қандай көлік мінгеніне дейін біліп алғаны таң қалдырады: істің жай-жапсарын осындай дәрежеде білсе, неге жарылыстың алдын алмады?
Екіншіден, толыққанды әрі жан-жақты тергеу амалдары қолға алынбай жатып, басқа да болжамдар терең зерттелмей, Кремльдің жерден жеті қоян тапқандай, бар кінәні украин жағына бірден аудара салуында да таза әрі біржақты саяси астар бар екенін көкірегі ояу, көзі ашық адамның бәрі түсінгені анық. Тым қарапайым, примитивті комбинация!
Осынау қылмыс қолдан жасалып, оның арты жоспарлы түрде украин жағына деген жеккөрінішті сезімді тұтатуға бағытталып, Ресейдің осы елге қарсы қимыл-әрекетінің одан сайын өршу түсуіне (тіпті жауап ретіндегі үркіту акцияларын ұйымдастыруға) сылтау ретінде қабылдайтынына ешкім де күмән келтіре қоймас.
Аспаннан іздегені жерден табылған ресей пропагандасы да осы қайғылы оқиғаны «аса тиімді» пайдалана бастағаны — соның айқын дәлелі.
Шынтуайтына келгенде, Дугиннің бар-жоғы украин жағына соншалықты әсер етеді деп ойламаймын. Иә, ол белгілі шовинист, неоимпериялық көзқарастағы адам. Бірақ оны өлтіргеннен украин жағы не пайда табар еді?!
Үшіншіден, «қызым саған айтам, келінім, сен тыңда» демекші, Ресейдің осынау арандатуы және оған деген реакциясы — басқа елдерге берілген белгі. Ондай жымысқы ойдың да бір ұшы қылтың ете қалды: қылмыскер мінген көлікте қазақстандық тіркеу номері болған екен-мыс.
Осыдан түйер тағылымдар.
Қазір соғыстағы блицкриг жоспары жүзеге аспаған Кремль ашуын кімнен аларын білмей отыр. Дугин отбасындағы трагедия – соның жалғасы деп білемін. Ертеңгі күні дәл осындай қасақана әрекет Қазақстанда орын алмайды деп ешкім кесіп-пішіп айта алмайды.
Сондықтан, екі ел – Қазақстан мен Ресей – арасын ушықтырып жіберетін арандату сипаты бар сөз не іс-қимылға жол бермей, мейлінше абай болуымыз керек деп ойлаймын. Соғысқа, аннексиялық саясатқа қарсылықты өркениетті, мәдениетті түрде де жтекізуге болады емес пе?
Оның үстіне қазірде біздің елге ресейліктер қаптап келіп жатыр. Солардың ішінде арнайы тапсырмамен жүргендер жоқ деп біздің арнайы органдар тап басып айта ала ма?!
Міне, Дугин «дабылының» алғашқы жаңғырығы осы!»
Әміржан Қосанов, саясаткер
Дереккөз: facebook.