Выбор редакцииДенсаулық

Инфаркттың «салмағы» қанша?

Жыл сайын 29 қыркүйекте бүкіл әлемде Дүниежүзілік жүрек күні атап өтіледі. Аталған күн — жүрек-қан тамырлары ауруларының (ЖҚА) әлі де әлемдегі өлім-жітімнің басты себептерінің бірі екенін еске салады. Дегенмен олардың басым көпшілігінің алдын алуға болады. Жүрек саулығы туралы айтқанда, әдетте, темекі шегу мен күйзелістің, нашар экологияның жүрекке қаншалықты қауіпті екенін ойлаймыз. Ал кардиологтар ең қауіпті әрі жете бағаланбай жүрген факторлардың бірі — артық дене салмағы екенін атап өтеді, деп хабарлайды Novo Nordisk компаниясының баспасөз қызметі.

Эстетикаға мән беретін қоғамымызда артық салмақ көбіне адамның сырт келбеті мен киім таңдауы мәселесі ретінде қабылданады. Алайда жүрек-қан тамырлары жүйесі үшін артық май тінінің жиналуы ағзаға шамадан тыс жүктеме түсіреді. Соның салдарынан артериялық қысым мен липидтік алмасу өзгереді, қан тамырлары мен миокард құрылымы бұзылады. Еуропалық кардиологтар қоғамы (ESC) артық салмақтың өзі басқа қауіп факторларына тәуелсіз түрде жүрек пен қан тамырларына зиян келтіруі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіріп келеді. Оның үстіне, бұл қауіп тек семіздікке шалдыққан адамдарға ғана қатысты емес. Артық салмақ пайда бола бастаған кездің өзінде қауіп айтарлықтай артады.

Мәселенің ауқымы және Қазақстанға келтіретін экономикалық залалы

Қазақстанда артық салмақ жүрек-қан тамырлары ауруларының жиілеуіне әсер ететін негізгі факторлардың біріне айналды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген STEPS 2024 зерттеуінің деректеріне сәйкес, еліміздегі ересек тұрғындардың 58%-ы артық салмақпен өмір сүреді, ал 22,4%-ында клиникалық семіздік анықталған.

Мұның салдарының бірі – жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін орасан зор жүктеме. Бүгінде қанайналым жүйесі аурулары бойынша шамамен 1,9 млн қазақстандық динамикалық бақылауда тұр. Артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға бағытталған 2025 жылғы скрининг 1,7 млн адамды қамтыды. Тексеру барысында 114 мыңнан астам адамнан аурудың бастапқы кезеңдері анықталды, олардың 15 мыңында жүректің ишемиялық ауруы тіркелді. Тәжірибелі дәрігерлер де мәселенің ауқымын растайды.

«ДДҰ деректеріне сәйкес, дене салмағы индексінің (ДСИ) жоғары болуы жыл сайын жұқпалы емес аурулардан болатын 3,7 млн өлімге себеп болады. Олардың ішінде жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші орында тұр. Менің дәрігерлік тәжірибемде қанайналым жүйесі ауруларына байланысты жүгінетін әрбір екінші пациентте артық салмақ немесе клиникалық диагноз ретінде семіздік анықталады», — дейді жоғары санатты кардиолог, Еуропалық және Қазақстандық атеросклероз қоғамдарының мүшесі Айжан Оразаева.

Мегаполистерден тыс өңірлердегі жағдай одан да алаңдатарлық. Қазақстандық атеросклероз қоғамының пилоттық жобасы аясында дәрігерлер еліміздің оңтүстік өңірлерінің тұрғындарын көшпелі форматта тексеруден өткізді. Нәтижелерге сәйкес, тексерілгендердің небәрі 1%-ы сау болған. Ал 99%-ында семіздік, диабет немесе инсулинге төзімділік анықталған. Мұның барлығы жүрек пен қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттыратын негізгі факторларға жатады.

«Тамыз айында Мюнхенде Еуропалық кардиология қоғамы (European Society of Cardiology) ұйымдастырған Еуропалық кардиологтар конгресі — ESC Congress 2026 өтті, онда халықаралық ұсыныстарға өзгерістер енгізілді. Бүгінгі таңда біз семіздік жүрек жеткіліксіздігінің дамуындағы маңызды қауіп факторларының бірі екенін түсінеміз. Бұл ретте лақтыру фракциясы сақталған жүрек жеткіліксіздігі (HFpEF) жүрек жеткіліксіздігінің барлық жағдайларының жартысына жуығын құрайды. Лақтыру фракциясының сақталуына қарамастан, бұл пациенттердің болжамы күрделі болып қала береді: өлім-жітімнің едәуір бөлігі жүрек-қан тамырлары себептерінен болады, ал кенеттен орын алған өлім бұл топтағы өлімнің басты себептерінің бірі болып табылады», — деп атап өтті Айжан Оразаева.

Аталған статистика семіздіктің әлдеқашан жеке адам мәселесі шеңберінен шығып, Қазақстан денсаулық сақтау жүйесі мен экономикасына түсетін елеулі ауыртпалыққа айналғанын көрсетеді.

World Obesity Federation (WOF) деректеріне сәйкес, 2019 жылы Қазақстанға артық салмақтан келтірілген тікелей және жанама экономикалық залал 3,49 млрд АҚШ долларын құраған (жан басына шаққанда 188 доллар немесе ЖІӨ-нің 1,9%-ы). Бұл шығындардың 91,7%-ы жанама шығындарға, яғни еңбек өнімділігінің төмендеуіне, мүгедектікке әкелетін жағдайларға және мезгілсіз өлімге тиесілі. WOF сарапшыларының болжамынша, алдын алу мен емдеу тәсілдеріне жүйелі түрде өзгеріс енгізілмесе, 2060 жылға қарай Қазақстанға келетін экономикалық залал 28,7 млрд АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін (жан басына шаққанда 1 137 доллар немесе ЖІӨ-нің 2,9%-ы).

Май тіні жүректің жұмысы мен денсаулығына қалай зиян келтіреді?

Артық май тіні, әсіресе висцералды май тіні (құрсақ қуысы ағзаларының айналасында жиналатын май) жүрек-қан тамырлары жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсіреді. Біріншіден, айналымдағы қан көлемі артады. Салдарынан жүрек үнемі жоғары жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Уақыт өте келе бұл жүрек құрылымын өзгертіп, жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда жүрек қалыпты босаңсып, қанға тола алмайды. Екіншіден, семіздік жүрек ырғағының қауіпті бұзылыстарына әкеледін. Үшіншіден, висцералды май тіні қан тамырларының қабырғаларын зақымдайтын қабынуға ықпал ететін факторларды бөледі. Олар «жаман» холестеринмен бірге атеросклероздың дамуын жеделдетеді. Ауқымды проспективалық зерттеулердің бірінде дене салмағының 1 кг-ға артуы систолалық АҚ-ның шамамен +0,45 мм с. бағ. және диастолалық АҚ-ның +0,32 мм с. бағ. жоғарылауымен байланысты болды.

Бүкіл әлемде бастапқы скрининг жүргізу үшін ДСИ қолданылады. Алайда бұл көрсеткіш майдың денеде нақты қай жерде таралғанын көрсетпейді. Сондықтан дәрігерлер бел шеңберін міндетті түрде өлшеп, оның көрсеткішін адам бойына қатысты бағалайды.

Инфаркт пен инсульт тек семіздіктің ауыр түріне шалдыққан адамдарға ғана қауіп төндіреді деп ойлау қате.

«Бұл — жүрек жеткіліксіздігінің екінші сатысы. Мұндай жағдайда біз емдеудің қарқынды тәсілдерін қолдануға мәжбүр боламыз және дене салмағына барынша қатаң мән береміз. Алайда артық салмақ жинала бастаған кездің өзінде оны түзетуге кірісу қажет», — деп атап өтті Айжан Оразаева.

Заманауи терапия салмақты азайтуға қалай көмектеседі?

Дене салмағын 5-10%-ға азайтудың өзі артериялық қысымды жақсартуға, липидтік бейінді (май алмасуы мен жүрек-қан тамырлары жүйесінің жағдайын көрсетеді) қалыпқа келтіруге және ағзадағы қабыну үдерістерін азайтуға ықпал етеді. Әрине, тамақтану тәртібін түзетіп, дене белсенділігін арттыру қажет. Алайда семіздік — созылмалы ауру. Сондықтан оны емдеу тәсілдері де өзгеріп келеді. The New England Journal of Medicine (NEJM) басылымында жарияланған халықаралық SELECT зерттеуінде артық салмағы немесе семіздігі бар, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын, бірақ диабеті жоқ 17 604 пациентке семаглутидті аптасына бір рет қолданудың нәтижелері көрсетілген. Заманауи терапия алған пациенттер арасында инфаркт, инсульт және осы себептерден болатын өлім-жітім плацебо тобымен салыстырғанда 20%-ға сирек тіркелген.

«Бүгінде семіздікті емдеу тәбетті бақылау мен дене белсенділігін арттырумен ғана шектелмейді. Біз фармакотерапияны да қолданамыз. Оның тиімділігі мен дәлелділігі 2020-2026 жылдарға арналған еуропалық ұсынымдарға енгізілген. Қазіргі таңда екі препарат қолданылады, олардың бірі — семаглутид. Олар семіздігі және жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге тағайындалады», — деді Айжан Оразаева.

Денсаулық жағдайын, оның ішінде дене салмағын уақтылы бақылау — әр адамның жеке жауапкершілігі. Сондықтан әрбір адам уақыт оздырмай, арнайы сайт арқылы өзінің дене салмағының индексін анықтап, оның қалыпты, артық немесе семіздікке сәйкес келетінін біле алады.

Другие новости

Back to top button